Алматы әкімдігі шаһардағы ауа сапасына қатысты ресми дерекке ғана сенуге кеңес берді. Қала билігі жеке құрылғылар тарататын ақпаратты “сенімсіз” деп есептейді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Әкімдік мәліметінше, Алматы қаласында атмосфералық ауаның жағдайы тек “Қазгидромет” бақылау бекеттерінен алынған мәліметтер негізінде жүргізіледі.
Бұл қызметтің барлық құрылғысы сертификатталған, мемлекеттік тізімге енгізілген және міндетті тексеруден өткен. Ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге шақырамыз, – деді Алматының экология және қоршаған орта басқармасында.
Басқарма дерегінше, қала аумағында 16 стационарлық бақылау бекеті орнатылған.
Мекеме түрлі жекеменшік немесе калибрленбеген құрылғылар тарататын ақпарат “ресми емес” деп отыр.
Мұндай датчиктердің жарамды сертификаты жоқ, олар тексеруден өтпеген және мемлекеттік өлшеу құралдары тізіміне енгізілмеген. Сондықтан мұндай құралдардан алынған ақпаратты сенімді дерек ретінде қолдануға болмайды, – деп ескертті әкімдік басқармасы.
Қазгидромет мәліметінше, биыл 24-25 қарашада жоғары (10 ШРК-дан жоғары) және аса жоғары (50 ШРК-дан жоғары) ластану деңгейі тіркелмеген. Жекелеген бекеттерде кейбір заттар бойынша 1,0-2,1 ШРК шамасында бір реттік аздаған асу байқалды.
Қала билігі мегаполисте ауаның ластануын автокөліктің көбеюімен түсіндіріп отыр.
Ластаушы көздер жеке тұрғын үйлер, өндірістік нысандар және қала аумағында пайдаланылатын шамамен бір миллионға жуық автокөлік. Бүгінде Алматының ауа бассейнін негізгі ластаушы – автокөлік көлігі (шығарындылардың 60%-ына дейін), - делінген хабарламада.
Айта кетейік, алматылықтар ауа сапасының нашарлап кеткеніне жиі шағымданады. Бұған дейін швейцариялық IQAir халықаралық компаниясы Алматы қаласын әлемдегі ең лас 10 ірі қаланың тізіміне қосқан.