Орыс ағыны азық-түлік қауіпсіздігіне әсер етпейді – Серік Жұманғарин

29 Қыркүйек 2022, 11:38
1300
Бөлісу:
Орыс ағыны азық-түлік қауіпсіздігіне әсер етпейді – Серік Жұманғарин

Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Айтуынша, елге ағылып келіп жатқан ресейліктер санының көптігі азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндірмейді. 

Егер қазіргі жалпы Қазақстан халқының санына тиесілі мөлшерді алатын болсақ, бұл санаулы пайызды ғана құрайды. Яғни азық-түлік қауіпсіздігіне бұл ешқандай да әсер етпейді. Өңірлерде үйлеспеушіліктер болуы ықтимал, бірақ біз қазір бұл мәселелерді пысықтап жатырмыз, - деп атап өтті Серік Жұманғарин Сенаттың жалпы отырысынан кейін кулуарда журналистер сұрағына жауап беріп.

Сонымен қатар бұл мәселе бойынша мемлекеттік және құқық қорғау органдарымен жиналыс өткізгенін айтты.  

Айта кететін жайт, соңғы аптада елімізге Ресейден келген азаматтар арасында құқық бұзушылықтар тіркелмеген. 

Еске сала кетейік, бүгін Сенат депутаттары  Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті Конституцияның 61-бабының 4-тармағына сәйкес «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Еуразиялық экономикалық комиссияның кадр құрамын қалыптастыру тетігін нақтылау бөлігінде өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заң жобасын қабылдаған болатын. 

Өзгелердің жаңалығы