Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Алматыдағы "Балуан Шолақ" спорт сарайында ҚР Тұңғыш Президенті күніне орайластырылған Қазақ күресінен абсолюттік "Әлем барысы" әлем чемпионаты өз мәресіне жетті.
Финалда Ресейлік палуан Роман Бобиковпен белдескен отандасымыз Айбек Нұғымаров қарсыласына есе жіберіп алды.
Осылайша Ресейлік палуаннан жеңіліс тапқан жерлесіміз Айбек Нұғымаров "Әлем барысы" әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
Ал "Әлем барысының" қола жүлдесі үшін белдесуінде отандасымыз Мақсат Исағабылов өзбек палуаны Мухсин Хисамиддиновтен басым түсті.
Айта кетейік, бұл сында еліміздің намысын А.Нұғымаров (ШҚО), Р.Әбдіразақов (Алматы қаласы), М.Исағабылов (Қызылорда облысы), Н.Жарылғапов (Маңғыстау облысы) сынды балуандар қорғаған болатын.
Өкінішке қарай, алғашқы айналымдағы тартысты белдесуде Руслан Әбдіразақов Моңғолия елінен келген қандасымызға есе жіберді. Одан кейін Маңғыстау обылсының өкілі Нұрдаулет Жарылғапов өзінің әдісіне өзі түсіп, Грек балуанына жеңісті қолдан жіберіп алды.
Төртінші рет өткен бәсекеге 30 елден 33 балуан қатысты. "Әлем барысы" атануға АҚШ, Аустралия, Әзербайжан, Бразилия, Грекия, Грузия, Үндістан, Иран, Испания, Италия, Камерун, Конго, Корея, Куба, Қырғызстан, Литва, Моңғолия, Нидерланды, Пәкістан, Польша, Ресей, Словения,Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан, Украина, Эстония, Япония секілді елдердің және Қазақстанның атақты балуандары келген.