Бұл маңызды сұраққа Еуропалық комиссия тарапынан тағайындалған арнайы өкіл Дэвид О,Салливан Астанаға жасаған арнайы сапары барысында жауап берді деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Еурокомиссия Ресейге қолданылған шектеу шараларының бұзылмауы немесе оларды қандай да бір жолмен айналып өтпеу үшін үшінші елдермен үздіксіз жоғары деңгейдегі талқылауларды қамтамасыз ету үшін 2022 жылы санкциялар жөніндегі арнайы өкіл лауазымын енгізген болатын. Осы қызметке тағайындалған Дэвид О, Салливан елімізге арнайы сапармен келіп, бірқатар кездесулер өткізді. Сапар қорытындысы бойынша арнайы өкіл баспасөз конференциясын өткізіп, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Қазақстан Еуроодақ үшін өте маңызды серіктес болып саналады. Бүгінде екі жақты тауар айналымы 40 миллиард АҚШ долларын құраған. Одан бөлек Қазақстан экспортының 38 пайызы Еуроодақ елдеріне тиесілі. Сондай-ақ екі тарап арасында серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісім бар екенін де айтып өткім келеді – деді арнайы өкіл.
Журналистермен тілдесу барысында Дэвид О, Салливан Ресейге қарсы қабылданған санкцияларға қатысты Қазақстанның ұстанып отқан позициясына Еуроодақтың көзқарасын білдіре кетті.
Еуроодақ Ресейге қарсы қабылданған санкцияларға Қазақстанның қосылмауы туралы шешіміне құрметпен қарайды. Біз еш уақытта бұл ұстанымды өзгерту үшін әрекет етпейміз. Қазақстан мен Ресей арасындағы көп жылғы сауда – экономикалық байланысқа зиянын тигізуге Еуроодақтың еш ниеті жоқ – деді Д.О,Салливан.
Арнайы өкіл кейбір компаниялар Ресейге қойылған шектеулерді айналып өту үшін Қазақстанды пайдаланғысы келетініне алаңдаушылықтың бар екенін жасырмады. Алайда, Дэвид О, Салливан бұл бағытта Қазақстанмен Еуродақ арасында тығыз қарым-қатынастың бар екенін және қос тарап дәл осы мәселеде өте тиімді жұмыс істеп келе жатқанын айта кетті.