Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ресейдің еншілес банктеріне қатысты енгізілген санкциялар мен шектеулер Қазақстан банктерінің қызметіне байланысты емес және оларға әсер етпейді.
Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлады.
6 сәуірде АҚШ Ресейдің екі банкіне – «Сбербанк» ЖАҚ және «Альфа-Банк» АҚ-ға қатысты санкцияларды кеңейтті. АҚШ Қаржы министрлігі Шетелдік активтерді бақылау басқармасының (OFAC) шешімімен бұл банктер және олардың еншілес ұйымдары, оның ішінде Қазақстанда орналасқан ұйымдары SDN (Specially Designated Nationals) тізіміне енгізілді, оның нәтижесінде АҚШ қаржылық мекемелерін қоса алғанда, АҚШ иелігіндегі немесе АҚШ тұлғалары бақылауындағы, немесе АҚШ юрисдикциясы шегіндегі барлық меншік және меншіктегі мүдделер бұғатталады және олар туралы OFAC-қа хабарлау қажет.
Бұдан басқа, бір немесе бірнеше бұғатталған адамға тікелей немесе жанама, жеке немесе жиынтығында, 50 немесе одан көп пайызға тиесілі кез келген адамның бүкіл мүлкі және мүліктегі үлестері де бұғатталады. Тиісінше, АҚШ тұлғаларына, оның ішінде АҚШ қаржылық мекемелеріне, егер бұл ұйымдар OFAC-тан босатылмаса немесе уәкілеттік берілмесе, олармен операциялар жасауына тыйым салынған OFAC Альфа-Банкпен 2022 жылғы 6 мамырға дейін, Сбербанкпен 2022 жылғы 13 сәуірге дейін мәмілелер аяқтау мерзімін белгіледі, - делінген хабарламада.
Бұл екі банктің клиенттеріне АҚШ долларымен төлемдермен және аударымдармен операциялар қолжетімсіз болады. Бұл ретте клиенттер ұлттық валютадағы банкішілік операцияларды қандай да болмасын шектеусіз жүзеге асыра алады.
Атап айтқанда, Альфа-Банкке қатысты енгізілген санкциялар бірқатар уақытша шектеулерге әкелді. Банк жеке және заңды тұлғалар үшін АҚШ долларындағы және еуродағы аударымдарды тоқтата тұрды. Бұдан басқа, жеке және заңды тұлғалар үшін банкоматтар мен POS терминалдардың меншікті желісінен тыс Visa және MasterCard карталарының жұмысы тоқтатыла тұрды. Альфа-Банк уақытша жеке және заңды тұлғалар үшін қолма-қол ақша алуға және аударым жасауға лимиттер енгізді, кредиттер беруді тоқтатты. Альфа-Банкті қоспағанда, басқа банктердің карталарымен заңды тұлғалар үшін POS-терминалдардағы төлемдерді қабылдау тоқтатылды.
Бұл ретте клиенттер банкоматтардан қолма-қол ақша алып, жедел төлем жүйесіне (ЖТЖ-не) қатысушы банктерге телефон нөмірі бойынша мобильдік қосымшадағы ақшаны теңгемен және тәуліктік лимит шегінде басқа банктерге шот деректемелерін аудара алады. Коммуналдық қызметтер, ұялы байланыс және басқа да қызметтер үшін төлемдер тәуліктік лимит шеңберінде штаттық режимде өтеді, - делінген ақпаратта.
Жалпы алғанда, Ресейдің еншілес банктері клиенттер алдындағы міндеттемелерін уақтылы және толық көлемде орындайды, оның ішінде салымдарға, кредиттерге қызмет көрсету, сондай-ақ ақша қаражатын қабылдау және беру. Бұл банктер депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушылары болып табылады, бұл азаматтар қаражатының сақталуына кепілдік береді.
Ресейдің еншілес банктеріне қатысты енгізілген санкциялар мен шектеулер Қазақстан банктерінің қызметіне байланысты емес және оларға әсер етпейді.
Қазақстанның банк секторы капиталдың және өтімділіктің елеулі қорына ие – 16 трлн теңге немесе активтердің 42,3%-ы, бұл банктерге ағымдағы сыртқы экономикалық күйзелістерді сіңіруге мүмкіндік береді. Ағымдағы жылдың басынан бері банктердің жиынтық активтері 148 млрд теңгеге немесе 37,8 трлн теңге көрсеткішіне дейін 0,4%-ға өсті. Меншікті капитал 96 млрд теңгеге немесе 2,1%-ға өсіп, 4,6 трлн теңге, - делінген агенттік таратқан хабарламада.
ЕДБ капиталы мен өтімділігінің нормативтері заңнамада белгіленген ең төменгі мәндерден бірнеше есе асып түседі, бұл банктерге штаттық режимде жұмыс істеуге және халық пен корпоративтік клиенттер үшін үздіксіз қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Өз тарапынан, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банк секторындағы ахуалды күнделікті мониторингтеуді жүзеге асырады және қажет болған жағдайда, сыртқы экономикалық тәуекелдердің қаржы нарығының тұрақтылығына ықпалын әлсірету үшін қажетті шаралар қабылдайды.