Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Ресейден коронавирусты анықтайтын тесттер жеткізілді. Енді еліміз, оның ішінде Алматы қаласы да қауіпті вирусқа қарсы тест жұмыстарын жүргізуге дайын. Бұл туралы Алматы қаласы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова брифинг барысында айтты.
Оның айтуынша, мұндай тест тексерісі екі сағат аралығында жасалады. Кейін ол орталық референтті зертханаға жіберіледі және соңғы қорытынды сол жерде жасалады.Бұл уақытқа дейін 17 адамның қанын сараптамаға жіберген едік, олардың бәрі таза болып шықты. Күдікке ілінгендердің барлығына ЖРВИ мен тұмау диагнозы қойылды. Кешегі күннен бастап Алматыдағы емханалардың барлығында науқастарды оқшаулау орны құрылды. Бұған дейін мұндай орындар ауруханаларда жасақталған еді, - деді ол.
Айзат Молдағасымова сөз арасында бүгіннен бастап Қытаймен арадағы барлық рейстер тоқтатылғанын жеткізді.
Соңғы жолаушылар рейсі бүгін таңертең сағат 9.15 келді және 200-ге жуық жолаушы термометриямен толықтай тексерістен өтті. Өзге елден келетін жолаушылар да термометрия арқылы тексерістен өтіп жатыр. Алматыға күніне 50-ге жуық рейс келеді. Ақпанның 1-нен бастап 85 халықаралық рейсті қамти білдік, әрбір жолаушы тексерістен өтіп, анализдері жиналды. Қазіргі таңда 80 эпидемиолог әзірленген және тәулік бойы әуежайда жұмыс істеп жатыр, - деді ол.
Сондай-ақ ол, қазіргі уақытта шетелден келген 6 мыңдай адам бақылауға алынғанын және олардың ешбірінен қауіпті вирус анықталмағанын жеткізді.
Егер коронавирус тарап жатқан жерден келген болсаңыз поликлиникаға немесе қан тапсыру зертханаларына барудың қажеті жоқ. Бірден 1406 Call-орталығына хабарласыңыздар, сол жерде тиісті жауап ала аласыздар немесе жедел жәрдем шақырыңыздар, - деді А.Молдағасымова.
Брифинг барысында ол, қаладағы бетперде мәселесі бойынша да күнде мониторинг жасалып тұратынын жеткізді. Таңертең 77 дәріханаға хабарласып, 473 мың бетперде бар екенін анықтаған. Бұл қазіргі кезде жеткілікті көрінеді.
Бетперде бағасын тым көтеру жіберу жағдайлары да өкінішке қарай кездесіп жатыр. Бетпердені – 70 теңгеге, эксператорды -1000 теңгеге саудалаған жағдайлар анықталды. Колл-орталыққа 5 қала тұрғыны хабарласып, бағалардың шектен тыс көтеріліп жатқанын мәлімдеді. Нәтижесінде Полиция департаментінің қызметкерлері тексеріс жұмыстарын жүргізді. Жалпы қала бойынша бетперденің орташа бағасы қазір 30 теңге көлемінде,- деді департамент басшысы.