Ресейден Саратов каналы арқылы келген тасқын суының есебінен Қамыс-Самар көлдеріне 30 млн текше метр су жіберілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәлімдеуінше, бұл жұмысты «Қазсушар» мекемесінің Батыс Қазақстан филиалы жүргізіп жатыр.
Айта кету керек, аталған көлдер жүйесіне соңғы 20 жылда су бармаған.
Қамыс-Самар көлдері киіктер мен өзге де жануарлар үшін миграция жолындағы табиғи суат көзі болып табылады.
Батыс Қазақстан облысының негізгі су көзі - Жайық өзені. Жайық арқылы келген су «Қазсушар» мекемесіне тиесілі Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесіне жиналады.
Биыл тасқын суының қарқынды келуіне байланысты Жайық-Көшім жүйесіне 840 млн – 1 млрд текше метрге дейін су жинау жоспарланып отыр.
Түскен су жүйе бойында орналасқан 65 мың гектардан астам шабындық алқабын, жазғы жайылымдарды суландыруға және су қоймаларын толтыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, «Қазсушар» мамандары соңғы жылдары құрғауға айналған Еділсор, Жалтыркөл, Бірқазан, Соркөл, Салтанат және тағы да басқа табиғи көлдерге су жіберуге ниетті.
Айта кету керек, соңғы отыз жылда Сарыөзен бойынша Жаңақазан ауылы маңындағы Айдын, Сарыайдын көлдеріне, Қараөзен бойынша Сарыкөл ауылына дейін ғана су беріліп келді.
Бұл аталған өзендерінің алабында орналасқан тұрғындардың күнделікті шаруашылық қажеттіліктері мен мал суатын қамтамасыз етуге, шаруашылық жүйесін дамытуға және тұрақты экологиялық жай-күйді сақтауға пайдаланылады.