Қаржы министрлігі жалпы қосылған құн салығының мөлшерлемесін 2 пайыздық тармаққа – 20%-дан 22%-ға дейін көтеруді ұсынып отыр. Министрліктің хабарлауынша, ҚҚС өсімінен түсетін қаражат ең алдымен қорғаныс пен қауіпсіздікті қаржыландыруға бағытталмақ. Бұл туралы ведомство Үкіметке жолдаған бюджет пакеті жөніндегі баспасөз хабарламасында айтылған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ұсынылған заң жобалары пакеті 2025 жылға арналған бюджет туралы заңға түзетулерді, 2026 жылға және 2027-2028 жылдарға арналған федералдық бюджет жобасын, сондай-ақ Бюджет және Салық кодекстеріне енгізілетін бірқатар өзгерістерді қамтиды. Алдағы үшжылдықтың негізгі параметрлері мен биылғы бюджетке енгізілетін түзетулер министрлік құжатта келтірмеген (бұған дейін 2025 жылғы тапшылықтың болжамы ЖІӨ-нің қазіргі 1,7%-ынан жоғарылауы мүмкін екені хабарланған).
Әлеуметтік маңызы бар тауарларға – азық-түлік, дәрі-дәрмек пен медициналық өнімдер, балаларға арналған тауарлар және басқаларына ҚҚС-тың жеңілдетілген 10% мөлшерлемесі сақталады.
Түзетулер қабылданған жағдайда Салық кодексіндегі өзгерістер 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
ҚҚС 1992 жылы 28% мөлшерлемемен енгізілген еді, алайда бір жылдан кейін ол 20%-ға, кейін 10 жыл ішінде 18%-ға дейін төмендетілді. 2018 жылы жаңа "мамыр жарлығы" аясындағы президент тапсырмаларын қаржыландыру үшін мөлшерлеме қайтадан 20%-ға көтерілді. Ол кезде Ресей Банкі ҚҚС-тың 2 пайыздық тармаққа өсуі инфляцияны шамамен 1 п.т. арттырады деп болжап, салық күшіне енбей тұрып негізгі мөлшерлемені алдын ала көтерген болатын (2018 жылғы желтоқсанда 7,5%-дан 7,75%-ға).
Ресей Банкі басшысы Эльвира Набиуллина 12 қыркүйекте ҚҚС-тың көтерілу ықтималдығына қатысты сұраққа жауап бере отырып, реттеуші үшін жекелеген салықтардың көтерілуінен гөрі федералдық бюджеттің теңгерімділігі маңыздырақ екенін атап өтті.
Егер бюджетте қосымша шығындар болса, оларды тапшылықты арттырмай, кірістер есебінен жабу дұрыс. Өйткені тапшылық өскен жағдайда оны жабу үшін біз мөлшерлемемізді жоғары қоямыз, – деді Набиуллина.
ҚҚС – федералдық бюджеттің негізгі кіріс көздерінің бірі. 2024 жылы Ресей аумағында сатылатын тауарлардан түскен ҚҚС түсімі 21,6%-ға өсіп, 8,7 трлн рубльге жетті. Ал елге әкелінетін тауарлардан түскен ҚҚС 8,7%-ға артып, 663 млрд рубльді құрады.