"Ресей суды аз беріп жатыр": Каспий суы тартылуына не әсер етті?

4 Мамыр 2024, 14:01
3310
Бөлісу:
"Ресей суды аз беріп жатыр": Каспий суы тартылуына не әсер етті?
Фото: - Архив

Кейінгі жылдары Каспий теңізінің тартылып бара жатқаны белгілі. Оның бір себебін "Байтақ" жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртай айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол Каспий теңізінің су деңгейін көтерудің қазіргі жалғыз жолы теңізге құятын Жайық өзені деп есептейді.

Каспий суы тартылуының ең үлкен себебі бар. Ол – Жайық. Жайықтың суы азайып жатыр ғой жыл сайын. Бізге Жайық Ресейден келеді. Ал Ресейде су көп. Олардан су көп өтеді. Не үшін баяғыдан суды аз беріп жатыр? Осы бағытта біздің мемлекет Ресей мемлекетімен мемлекетаралық келісім жасау керек, - деді Азаматхан Әміртай.

Ол Ресейдің Орынбор облысында дамбы жарылуы салдарынан Жайық өзеніндегі, кейіннен Каспий теңізіндегі судың молаюы уақытша екенін айтады.

Қазір Ресейде дамбы бұзылғаннан кейін Орынбордан Жайыққа су көп келді ғой. Бірақ ол уақытша нәрсе ғой. Одан Каспийдің суы көбейіп кетеді деп ешкім айтпайды. Сондықтан бұл суды кәдімгідей тұрақты түрде Ресей мемлекетімен шешу керек, - деді партия төрағасы.

Ал Атырау облысы Жылыой ауданының тұрғыны, экобелсенді Медетқали Нұрғазиев Жем өзені бойынша жағдайды айтты. Медетқали Нұрғазиев Жем өзенінің Каспийге қосылғанын соңғы рет 2016 жылы өз көзімен көргенін жеткізді.

Экобелсенді Каспий теңізінің тартылуына адамдардың ашкөздігі де әсер ететінін алға тартады. Ол ауыл шаруашылығында су тапшы болған сайын адамдар заңды-заңсыз бөгендер арқылы Жем өзенінен қажетінен көп мөлшерде суды бұрып алатынын жеткізді.

Мұғалжар тауларынан бастап барлық жерде заңды, көбі заңсыз бөгендер бар. Тіпті Құлсары қаласынан төмен қарай түскен кезде шабындық жерлерге суды жайып аламыз деп өзеннің бойын топырақпен бөгей салып, суды бұрады. Өкінішке қарай, 2023 жылға дейін болған оқиға – осы. Биыл бөгеннің барлығын су шайып өтті, - деді ол.

Ол шаруалардың суды бөгеп алып, жаз бен күз бойы пайдаланғысы келетінін айтады. Құзырлы органдар аралап жүріп, заңсыз бөгендерге тыйым салу қажет деп есептейді. Сондай-ақ бөген салудың тағы бір кесірі барын жеткізді.

Суды былай қарай бұру үшін өзеннің бойын топырақпен бөгеп тастайды. Бөгенді кейін қарай ашқан кезде сол топырақпен өзеннің бойын бітей береді, яғни одан өзеннің асты көтеріле береді, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы