Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова хабарлады.
Оның мәлімдеуінше, вакцинация құжаты бойынша Ресейден келісім келіп түскен.
30 мамыр күні ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ресеймен коронавирусқа қарсы вакцинация паспортын екіжақты мойындау туралы келісім жобасына келісім алған болатын.
Вакцинация паспорты бойынша Сыртқы істер министрлігі арқылы Ресей Федерациясынан келісім келіп түскені рас. Еліміздің денсаулық сақтау министрлігі бұл келісімге қол қоюға дайын екендігін білдірді. Бүгінгі таңда техникалық мәселелердің болуына байланысты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірге жұмыс жасалып жатыр. Аталған ведомство өз қорытындысын ұсынған соң бірден СІМ жіберіліп, сол арқылы Ресейге жөнелтіледі, - деді Айжан Есмағамбетова.
Еске сала кетейік, бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният коронавирус індетінің әлі толықтай тоқтамағанын айтып, пандемия жағдайына қайта оралу ықтималдылығы бар екендігін ескертті. Бұл вирустың мутацияға ұшырауы мен жаңа штамдардың пайда болуына байланысты болжам. Сондай-ақ көрші елдерде, атап айтқанда, Қытайда індет өршіп тұрғаны белгілі.