Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Референдум Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті филология факультетінің ғимаратында да қызу өтіп жатыр.
Оқу орнының ғимаратына орналасқан №103 референдум учаскесіне 2712 сайлаушы тіркелген. Дауыс беру учаскесінің төрағасы Қалила Пралиев түскі мезгілге дейін 1127 адам дауыс бергенін атап өтті.
Түркістан қаласы, Қазыбек би көшесінде орналасқан учаскеге бұдан бөлек Мұса Жәлел, Ғ.Мұратбаев, Құрбан ата, Жүсіп Баласағұни көшелерінің де тұрғындары референдумға белсене қатысып жатыр.
Қазыбек би көшесінің тұрғындары Аллашов Носиржан мен Тұрсынай Ата заңдағы өзгерістер елдің болашағына жақсы өзгерістер алып келеріне сенімді.
Біз Конституцияға енгізілген өзгерістерді қолдаймыз. Бүгін мемлекет басшысының бастамасын ел болып қолдап жатырмыз. Қазір пандемия шектеулері жоқ, бұрынғы еркін күндерімізге қайтадан оралдық. Енді осы референдумнан кейін де елімізде бұдан да жақсы өзгерістер болатынына сенеміз. Еліміз тыныш болсын, экономикамыз жақсара түссін, - деді Аллашовтар.
Түскі ас кезі болса да дауыс беруге келген түркістандық Сапарбай Әсетов Конституциядағы оң өзгерістерді қуана құптайды.
Осы референдумнан күтерім көп. Біз отыз жылдан аса өзгерістерді күттік. Бүгін міне сол күн туды. Президент осы өзгерістерді Ата заңнан бастап отырғаны қуантады. Ең басты құжатты халық жаппай қолдаса бізді тамаша жетістіктер, жарқын болашақ күтіп тұр деп сенгім келеді. Лайым сол күнге жетіп, референдумның игілігін ұрпақтарымыз көре берсін, - деді дауыс беруші Сапар Әсетов.
Бақылаушылар өз кезегінде референдумның заңға сәйкес өтіп жатқанын айтты. Айта кетейік, дауыс беру кешкі сағат сегізге дейін жалғасады.