Референдумның ашық өтуі үшін тәуелсіз байқаушылардың жұмысы маңызды

23 Мамыр 2022, 20:00
1640
Бөлісу:
Референдумның ашық өтуі үшін тәуелсіз байқаушылардың  жұмысы маңызды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Партиялық емес байқау орталығының» төрағасы Төлеген Күнәділов «Ауыл» ХДП хатшысы Анас Баққожаевпен кездесті.

Кездесу барысында Төлеген Күнәділов қатысушыларды партиялық емес байқау орталығының қызметімен таныстырып, орталық өкілдерінің референдум барысын байқауға қатысу жоспарлары туралы айтты.

Саяси оқиғаның маңыздылығын айта келе, Төлеген Күнәділов байқаудың негізгі принциптеріне тоқталып, республикалық және өңірлік байқаушылар штабтарының ағымдағы жұмысы туралы хабардар етті.

Біздің ең маңызды міндетіміз – референдум кезінде азаматтардың сөз бостандығының бұзылуына жол бермеу. Біз еліміздің барлық өңірлерінде байқаушылар пулын қалыптастыру жұмыстарын жүргіздік, оларға қазір оқыту өтіп жатыр. Байқаушыларды даярлау – біздің қызметіміздің маңызды кезеңі, өйткені қоғамдық байқаудың бүкіл процесінің тиімділігі соған байланысты, – деді Төлеген Күнәділов.

Оның айтуынша, бүгінде байқаушылардың көпшілігі дайындықтан өткен.

Өз кезегінде «Ауыл» партиясының хатшысы Анас Баққожаев «Партиялық емес байқау орталығының» бастамасын қолдайтынын жеткізді.

Қоғамдық байқаушылардың референдумға қатысуы азаматтардың таңдау бостандығына, конституциялық құқықтарын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Референдумның ашықтық, жариялылық және әділеттілік жағдайында өтуі үшін тәуелсіз байқаушылардың  жұмысы өте маңызды, – деді Анас Баққожаев.

Кездесу соңында тараптар алдағы референдумды құқықтық мемлекеттің демократиялық қағидаттарына сәйкес өткізудің маңыздылығын атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы