Референдумнан кейін заңнамалық база қалай өзгереді? – Заңгермен сұхбат 

Заң ғылымдарының докторы, профессор Ермек Әбдірасулов елімізде жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі референдумға қатысты сауалдарымызға заң тұрғысынан жауап берді.

 спикердің жеке мұрағатынан 19 Ақпан 2026, 15:20
19 Ақпан 2026, 15:20
962
Фото: спикердің жеке мұрағатынан

Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі референдум елдің құқықтық жүйесіне қалай әсер етуі мүмкін? Заңнамалық базаны қайта қарау қандай тетіктер арқылы жүзеге асады? Бұл өзгерістердің ұзақмерзімді салдары қандай болмақ? Осы және өзге де сауалдарға заң ғылымдарының докторы, профессор Ермек Әбдірасулов жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

– Референдум қорытындысы елдің заңнамалық жүйесін жаңғыртуға нақты қандай құқықтық тетіктер арқылы ықпал етеді және бұл өзгерістердің ұзақмерзімді салдары қандай болуы мүмкін?

– Егер Қазақстан халқы жаңа Конституция жобасын мақұлдаса, бұл елдің заңнамалық жүйесін кешенді түрде жаңғыртуға негіз болады. Ең алдымен, жаңа Конституцияның үстемдігі мен тікелей қолданылуы тетігі іске қосылады. Бұл 1995 жылғы Конституцияның күшін жоюға және жаңа нормативтік негіздің қалыптасуына алып келеді. Яғни барлық нормативтік құқықтық актілер жаңа Негізгі Заңға сәйкес келуі тиіс болады. Конституциялық нормалар ең жоғары заңдық күшке ие әрі тікелей қолданылады. Соттар Конституция нормаларын тікелей қолдана алады, ал оған қайшы келетін заңдар қолданылмайды. Бұл құқық қолдану тәжірибесін жедел жаңғыртуға мүмкіндік береді.

Екінші тетік – заңнамалық имплементация. Жаңа Конституция қабылданғаннан кейін қолданыстағы заңдар оған сәйкестендіріледі. Конституцияға қайшы келетін актілердің күші жойылып, жаңа конституциялық және жай заңдар қабылданады.

Үшінші маңызды механизм – конституциялық бақылау. Конституциялық Сот заңдардың жаңа Конституцияға сәйкестігін тексеріп, қайшы нормаларды конституциялық емес деп тану арқылы Конституция үстемдігін қамтамасыз етеді.

Төртіншіден, мемлекеттік билік жүйесін институционалдық-құқықтық реформалау тетігі іске асады. Президент өкілеттіктері, жоғары өкілді органның рөлі, тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесі қайта айқындалады.

Бесіншіден, құқық қолдану тәжірибесі өзгереді. Сот тәжірибесі, әкімшілік органдардың қызметі, заңдарды түсіндіру әдістері трансформацияланады.
Ұзақмерзімді салдарға келсек, бұл құқықтық жүйенің жаңа моделін қалыптастыру, құқықтық идеологияны жаңарту, цифрландыру мен жасанды интеллект жағдайында құқық салаларын бейімдеу арқылы адам құқықтарын қорғауды күшейтуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге ғылым, білім, мәдениет және инновация салаларының құқықтық негіздері жаңарады.

– Референдум қорытындысы құқықтық жүйенің тұрақтылығына қандай ықпал етеді?

– 2026 жылғы 15 наурызда өтетін референдум нәтижелері құқықтық жүйенің тұрақтылығына кешенді әсер етеді.
Біріншіден, мемлекеттік биліктің институционалдық тұрақтылығы артады. Жаңа Конституция мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін нақты айқындап, билік тармақтарының өзара іс-қимыл тетіктерін бекітеді. Бұл құқықтық айқындықты күшейтіп, институционалдық қақтығыстар тәуекелін азайтады. Екіншіден, Конституциялық Соттың рөлі артады. Ол конституциялық дауларды шешіп, құқықтық қайшылықтардың алдын алады. Ұзақ мерзімде жаңа Конституция заңнаманың нормативтік үйлесімділігін нығайтып, құқық қолдану практикасының біркелкілігін қамтамасыз етеді. Әрине, өтпелі кезеңде белгілі бір бейімделу үдерісі болады. Алайда нәтижесінде құқықтық жүйе неғұрлым тұрақты, болжамды әрі тиімді сипат алады.

– Референдум нәтижесі қолданыстағы заңнаманы қайта қарауға қандай негіз қалыптастырады?

– Жаңа Конституцияны қабылдау қолданыстағы заңнаманы қайта қараудың кешенді конституциялық-құқықтық негізін қалыптастырады. Бұл негіздерге Конституцияның үстемдігі қағидаты, оның тікелей қолданылуы, құқықтық реттеудің конституциялық қағидаттарының өзгеруі, мемлекеттік органдар құзыретінің трансформациясы және конституциялық бақылау тетігі жатады. Осының барлығы ұлттық құқық жүйесін жаңа Конституцияға сәйкестендіруді талап етеді. Яғни заңнамалық жүйе ішінара емес, жүйелі түрде жаңғыртылады. Жалпы алғанда, референдум қорытындысы құқықтық жүйенің архитектурасын жаңартуға бағытталған іргелі қадам болуы мүмкін. 

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Наверх