Референдумға ҰҚШҰ ПА өкілдері бақылаушы ретінде қатысып жатыр

5 Маусым 2022, 13:33
1185
Бөлісу:
Референдумға ҰҚШҰ ПА өкілдері бақылаушы ретінде қатысып жатыр
Фото: Артём Чурсинов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде өтіп жатқан республикалық референдумға Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Парламенттік Ассамблеясы (ҰҚШҰ ПА) бақылаушы ретінде қатысып жатыр.

Бұл туралы Халықаралық байқаушылардың ақпараттық орталығында өткен брифингте Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Парламенттік Ассамблеясы (ҰҚШҰ ПА) тобының үйлестірушісі, Тәжікстан Республикасы Мәжілісінің Оли Парламенттік этика жөніндегі Мажілис Намоямдагон комиссиясының төрағасы Файзолла Баротзода мәлімдеді.

Қазақстанның  Ата заңына енгізілетін түзетулерге қатысты өтіп жатқан референдумға халықаралық бақылаушы ретінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Парламенттік Ассамблеясы қатысып жатыр. Біздің жұмыс тобымызда ұйымға мүше мемлекеттердің өкілдері бар. Олар уақытылы Нұр-Сұлтан қаласына келді. Сондай-ақ қазіргі күні оларға қойылған міндеттерін атқарып жатыр, - дейді ол.

Оның айтуына қарағанда ҰҚШҰ ПА тобы екі бөлікке бөлінген. Негізгі топ елордада жұмыс істесе, тағы бір өкілі Алматыда халықаралық бақылаушы ретіндегі функцияларын орындап жатыр.

Бүгін жұмыс тобымыз бірінші кезекте сайлау учаскесіне барды. Астана Опера театрында орналасқан сайлау учаскесінде болдық. Ең алдымен Қазақстанның Мемлекеттік Әнұраны шырқалды. Содан кейін барып қана дауыс беру процесі басталды. Біздің байқағанымыздай, референдум жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Халықтың, әсіресе, жастардың, орта жастағы азаматтардың отаншылдық, патриоттық сезімі байқалады. Таңғы уақытта егде жастағы халықтың дауыс бере бастағанын көрдік. Ал жаңа буын үлкендерден кейін келе бастады. Барлық сайлау учаскесінде өте тәжірибелі мамандар жұмыс істеп жатыр екен, - деп толықтырды халықаралық бақылаушы.

ҰҚШҰ ПА бақылаушылары 10 сайлау учаскесіне барған. Айтуынша, бақылаушылар ешқандай нормалар мен ережелерді бұзғандарды байқамаған.

Референдумда дауыс беру кезінде ешқандай ереже бұзылған жоқ. Халықтың жоғары деңгейдегі азаматтық ұстанымы көрініп отыр. Жастардың саяси оқиғаны саналы түрде түсінетінін байқадық. ҰҚШҰ ПА атынан ҚР СІМ-іне және Парламенттің екі палатасына алғысымды білдіремін, - деп атап өтті Файзолла Баротзода.

Өзгелердің жаңалығы