2026 жылғы 3 наурызда Орталық референдум комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров пен ЕҚЫҰ/ДИАҚБ референдумды бағалау Миссиясының басшысы Дуглас Брюс Уэйкпен кездесуі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ОРК Төрағасы Нұрлан Әбдіров 2026 жылғы 15 наурызға тағайындалған республикалық референдумға дайындық және өткізу бойынша ұлттық сайлау заңнамасы мен бекітілген Күнтізбелік жоспарға сәйкес егжей-тегжейлі ақпаратты ұсынды. Аумақтық және учаскелік референдум комиссиялары референдумды өткізу барысында ашықтыққа, заңдылыққа және барлық азаматқа тең жағдай жасау қажет екеніне баса назар аударады.
Арнайы қолжетімді және инклюзивті орта құру бойынша жұмыстарға ерекше көңіл бөлінуде. «Қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселелері тұрақты бақылауда және Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы жанындағы мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі Жұмыс тобының отырыстарында жүйелі түрде қаралады. ҮЕҰ-ның қатысуымен сайлау учаскелерін мониторингтеуден бастап, комиссия мүшелерін даярлауға және заманауи технологиялық шешімдерді енгізуге дейінгі кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, қолданылатын барлық құралдар міндетті сараптамадан өтіп, белгіленген талаптарға сәйкестігі қамтамасыз етіледі», - деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.
Референдум учаскелерінде Брайль қарпімен жазылған дауыс беруге арналған бюллетень трафареттері, сондай-ақ арба пайдаланатын азаматтар үшін ыңғайлы биіктікте орналастырылған, үлкен қаріппен жазылған ақпараттық стендтер қарастырылған. Сонымен қатар, арба пайдаланатын азаматтар үшін бейімделген кабиналар жабдықталған. Қазіргі науқанның ерекшелігі әрбір референдум учаскесінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасының мәтіндік нұсқасымен қатар қазақ және орыс тілдеріндегі аудио нұсқасы да қолжетімді болуында.
Тұрғындарды ақпараттандыру түрлі коммуникация арналары арқылы жүзеге асырылуда. Азаматтарға референдум туралы ақпарат қамтылған QR коды бар дербес шақыру билеттері табысталуда. Дауыс беру күні азаматтардың дауыс берушілер тізімінде бар-жоғын тексеру және уақытша тіркеу бойынша екі онлайн-сервис жұмыс жасайды.
Бүгінгі күнге 5 мемлекеттен және 3 халықаралық ұйымнан 21 байқаушы аккредиттелді: Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы байқаушылар миссиясы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес және Түркі академиясы. Бұған қоса, тағы 15 мемлекет және халықаралық ұйымдар, соның ішінде Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ), Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ), Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Парламентаралық Ассамблеясы (ТМД ПАА) және Түркі академиясы өздерінің аккредитациялау туралы өтінімдерін жолдады.
Кездесу қорытындысы бойынша Дуглас Брюс Уэйк Нұрлан Әбдіровке ұсынылған толық ақпарат үшін алғыс білдіріп, Миссияның алдағы жұмыс жоспары туралы мәлімет берді.