15 наурызда өтетін республикалық референдум – азаматтардың мемлекет үшін маңызды мәселеге қатысты өз ұстанымын білдіретін конституциялық құқығы. Орталық референдум комиссиясының кезекті отырысында дауыс беру қалай жүргізілуі керектігі туралы мәлімдеме жасалды. Онда дауыс беру процесі нақты регламентпен ұйымдастырылады және бірнеше кезеңнен тұратыны айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Референдумға кімдер қатыса алады?
Қазақстан Республикасының 18 жасқа толған әрбір азаматы референдумға қатысуға құқылы. Азаматтар өздерінің тіркелген мекенжайы бойынша белгілі бір учаскеге бекітіледі және арнайы тізімге енгізіледі.
Дауыс беру күніне дейін әр азамат өз деректерінің тізімде бар-жоғын тексеруге құқылы. Егер қате немесе сәйкессіздік анықталса, учаскелік комиссияға өтініш беріп, түзету енгізуге болады.
Есептен шығару куәлігі қандай жағдайда беріледі?
Егер азамат дауыс беру күні өзінің тіркелген учаскесінде бола алмайтын болса, ол алдын ала есептен шығару куәлігін ала алады. Бұл құжат азаматқа басқа учаскеде дауыс беру мүмкіндігін береді.
Куәлік жеке куәлікті көрсету арқылы белгіленген мерзімде беріледі. Есептен шығару куәлігі бір рет беріледі және қайта қалпына келтірілмейді.
Үй-жайдан тыс дауыс беру тәртібі
Денсаулық жағдайына немесе өзге де себептерге байланысты учаскеге келе алмайтын азаматтар үшін үй-жайдан тыс дауыс беру ұйымдастырылады.
Ол үшін дауыс беру күніне дейін жазбаша өтініш берілуі тиіс. Өтініш тіркелгеннен кейін комиссия мүшелері арнайы тасымалданатын жәшікпен азаматтың тұрған жеріне барады. Бұл жағдайда да дауыс беру құпия түрде жүзеге асырылады.
Дауыс беру күні қалай өтеді?
Референдум күні барлық учаскеде жұмыс нақты уақыт кестесіне сай жүргізіледі.
I кезең – Учаскені ашу
Таңғы сағат 06:00-де учаскелік комиссия жұмысты бастайды. Бұл кезеңде:
•дауыс беру жәшіктері тексеріліп, пломбыланады немесе мөрленеді;
•бюллетеньдерді беруге жауапты комиссия мүшелері анықталады;
•учаскенің ашылуы туралы хаттама рәсімделеді;
•байқаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатыса алады.
Бұл рәсімдер дауыс беру процесінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін жасалады.
II кезең – Дауыс беруді өткізу
Жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-де дауыс беру басталып, 20:00-де аяқталады.
Азамат учаскеге келген кезде:
1.Жеке басын куәландыратын құжатты көрсетеді.
2.Комиссия мүшесі оны тізімнен тексереді.
3.Азаматқа бюллетень беріледі.
4.Ол арнайы кабинада өз таңдауын жасайды.
5.Толтырылған бюллетень жәшікке салынады.
Бюллетень тек бір рет беріледі. Бір азамат тек бір рет дауыс бере алады. Дауыс беру құпия түрде өтеді, - деді орталық референдум комиссия мүшесі.
III кезең – Дауыстарды санау
Сағат 20:00-де учаске жабылып, дауыс беру тоқтатылады. Одан кейін бірден дауыстарды санау рәсімі басталады, - деді ол.
Бұл кезде:
•пайдаланылмаған бюллетеньдер есептеліп, жойылады;
•тасымалданатын жәшіктер ашылады;
•барлық бюллетеньдер жәшіктен шығарылып, саналады;
•дауыс берген азаматтардың саны анықталады.
IV кезең – Нәтижелерді рәсімдеу
Дауыстар саналған соң учаскелік комиссия нәтижелер туралы хаттама толтырады, хаттамаға комиссия төрағасы мен хатшысы қол қояды және құжаттар тиісті аумақтық комиссияға жіберіледі. Ал нәтижелер ресми түрде бекітіледі.
Сондай-ақ комиссия мүшесінің сөзінше, әр азамат тек бір рет дауыс береді. Дауыс беру құпиялығы сақталады. Және бюллетеньді басқа адамға беруге болмайды.