Референдум туралы заң. Мәжіліс Сенат енгізген түзетулермен келісті

5 Мамыр 2022, 15:10
2380
Бөлісу:
Референдум туралы заң. Мәжіліс Сенат енгізген түзетулермен келісті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс Сенаттың референдум туралы заңға енгізген түзетулерімен келісіп, тиісті қаулыны қабылдады.

Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Арман Қожахметов бұл Конституциялық заң жобасын Парламент депутаттары әзірлегенін атап өтті.

Өздеріңізге белгілі, заң жобасын биыл 4 мамырда Парламент Мәжілісі мақұлдап, Сенаттың қарауына жіберген болатын. Алайда заң жобасын Парламент Сенатында қарау барысында қосымша толықтыру енгізілді. Бұл толықтыру комитет отырысында қаралды, - деді депутат.

Арман Қожахметовтың сөзінше, Сенат республикалық референдумның нысанасы бола алмайтын мәселелерді нақтылау мақсатында, «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 3-бабы 2) тармақшасын жаңа редакцияда ұсынып отыр.

Атап айтатын болсақ,  мемлекеттің тәуелсіздігін, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығын, оны басқару нысанын, республика қызметінің түбегейлі қағидаттарын өзгерту мәселелерi референдум талқысына қойылатын мәселелер бола алмайды. Осы тармақшаның қолданыстағы редакциядағы «Тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы іргесін қалаған Республика қызметінің түбегейлі принциптерін және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәртебесін өзгерту» деген сөздерді Парламент Сенаты алып тастауды ұсынды, - деп толықтырды Мәжіліс депутаты палатаның жалпы отырысында.

Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Арман Қожахметов әріптестеріне «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Конституциялық заң жобасына Парламент Сенаты енгізген толықтырумен келісуді ұсынды.

Өз кезегінде депутаттар Мәжілістің жалпы отырысының күн тәртібінде қаралған мәселені дауысқа салып, тиісті қаулыны қабылдады. Осылайша Мәжіліс Сенат енгізген түзетулерді қабылдап, референдум туралы заңды Сенаттың қарауына жолдады.

Еске сала кетейік, бүгін Сенаттың жалпы отырысында сенаторлар «Республикалық референдум туралы» заңға Мәжіліс енгізген өзгертулермен келісті. Сондай-ақ сенаторлар заңға түзетулер енгізіп, Мәжіліске қайтарған болатын

Өзгелердің жаңалығы