Референдум. Қоғам пікірі қандай?

1 Мамыр 2022, 13:48
8989
Бөлісу:
Референдум. Қоғам пікірі қандай?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу үшін жалпыхалықтық референдум өткізетіні туралы жаңалық қызу талқыланып жатқаны белгілі. Осы орайда қоғам пікірін тыңдап көрген едік.  

Ақын Олжас Қасым ендігі ретте Қазақстан халқы Ассамблеясының да қоғамды ұйыту мақсатында көрінгені абзал деп санайды. 

Референдум. Қоғам пікірі қандай?

Заң түзеп алмай, қоғамды түзеу бекершілік екені белгілі. Жаңа Қазақстанды жаңғыртуды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың конституциядан бастауы әділеттіліктің нышаны деп қабылдадық. Өзі айтқандай, бұл түзетулердің тарихи маңызы бар. Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты XXXI сессиясына қатысты. Қаңтар оқиғасы көрсеткендей, біздің ел үшін татулық пен бейбітшілік маңызды құндылық. Бұл ретте халықтың ішкі бірлігі мығым болуы тиіс. Қасіретті жайттар қайталанбауы үшін Президент тонның ішкі бауындай селбесуге шақырды. Осы тұста бұқара арасында айтылып жүрген ассамблеяға қатысты көзқарастарды да нақтылаған жөн. Ендігі ретте бұл ұйымның да қоғамды ұйыту мақсатында көрінгені абзал деп санаймыз. Себебі, Жаңа Қазақстанның ілгерілеуі үшін этностар да белсенді болуы аса қажет, - деп атап өтті Олжас Қасым. 

Ал журналист Дәурен Сейітжанұлы халық өз тағдырын өзі шешеді деп отыр. 

Үшінші референдум. 27 жылдан кейін өткелі тұр. Қазақстанда соңғы рет 1995 жылы, қолданыстағы Конституция бекітілген кезде өткен екен. Бұл демократиялық әділ қадам. Халық өз тағдырын өзі шешеді. 

Референдум. Қоғам пікірі қандай?

Мемлекет басшысы: «Осы реформалар қолға алынған кезде Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын Парламент қарайды деп ойлаған едік. Бұл – қолданыстағы заңнамада орныққан рәсімнің бірі. Алайда алдағы ауқымды әрі маңызды өзгерістер ел болашағына айрықша әсер етеді. Сондықтан мен Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынамын» дейді, - деді Дәурен Сейітжанұлы. 

«Әзіл әлемі» театрының редакторы Баянды Сахарияұлы  бұл өзгерістің өңі де, мәні де ерекше екендігін алға тартты.

Референдум. Қоғам пікірі қандай?

Жалпы осы уақытқа дейін түрлі өзгерістер болды. «Елу жылда ел жаңа» демекші қала мен ауыл да, саясат пен мәдениетте, сол сияқты Ата заң бұған дейін де талай рет өзгерген. Бірақ бұл өзгерістің өңі де мәні де ерекше. Өйткені халықпен етене байланысы бар. Қарапайым халықтың пікірін сұрайтын өзгеріс. Парламент қарауына ұсынып, депутаттардың "бір ауыздан" мақұлдауымен келе жатқан еді отыз жыл бойы. Ал енді Жаңа Қазақстан, әділ Қазақстан деп жатқанымыздың кепілі – халық. Жаңару. Бұған дәлел «Әзірленген түзетулердің тарихи маңызы бар. Біз мемлекеттігіміздің даму жолындағы жаңа кезеңге қадам басқалы тұрмыз», - деді Президент Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты ХХХІ сессиясында, - дейді Баянды Сахарияұлы.  

Ал белсенді жастың бірі Салтанат Есенқұлова жалпыхалықтық референдум өткізу – Жаңа Қазақстанға бағытталған дұрыс шешім деп ойлайтынын жеткізді. 

Референдум. Қоғам пікірі қандай?

Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін республикалық референдум өтеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүкілхалықтық референдум өткізу туралы ұсыныс жасады. Референдум Ата заңымыздағы реформаларға байланысты өткізілмек. «Біз Екінші Республиканы бірге құрамыз, Жаңа Қазақстанды бірге өркендетеміз! Әр азаматқа бірдей мүмкіндік беретін әділ әрі дамыған мемлекет боламыз!» деп атап өтті Президент

Айта кетейік Қазақстанда референдум соңғы рет 1995 жылы, қолданыстағы Конституция бекітілгенде өткен.

Жаңа Қазақстанға бағытталған дұрыс шешім деп ойлаймын. Контитуцияға өзгеріс енгізуді халық таңдауы керек, - дейді ол. 

Журналист Нұрлыхан Қалқаманұлы мемлекет халықты ести бастады деп отыр.

Референдум. Қоғам пікірі қандай?

Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу біз үшін таңсық дүние емес қой. Ата заң бұған дейін де талай рет өзгерген. Бірақ, ешкім қарапайым халықтың пікірін сұраған жоқ. Парламент қарауына ұсынып, депутаттардың «бір ауыздан» мақұлдауымен өзгерте салатын. Шыны керек, осы жолы да солай болады деп ойлағам. Бірақ бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХА сессиясында Ата заңға енетін өзгерістерді жалпы халықтың таңдауына беріп, референдум өткізуді ұсыныпты. Мемлекет басшысы өз ұсынысында «Біз Екінші Республиканы бірге құрамыз, Жаңа Қазақстанды бірге өркендетеміз! Әр азаматқа бірдей мүмкіндік беретін әділ әрі дамыған мемлекет боламыз!» деп атап өтті.

Расымен де, мемлекет халықты ести бастағандай ма? – деді Нұрлыхан Қалқаманұлы.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұма күні өткен ҚХА сессиясында Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу үшін референдум өткізуді ұсынған болатын. Республикалық референдум тәуелсіздік тарихында екі рет өтті. Біріншісі – 1995 жылғы 29 сәуірде орын алса, екіншісі сол жылы 30 тамызда болды.  

Өзгелердің жаңалығы