2026 жылғы республикалық референдум кезінде 54 елде 71 шетелдік учаске жұмыс істейді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Әскери-саяси жағдайдың шиеленісуі және кейбір елдердегі қазақстандықтар санының аздығына байланысты 10 елдегі 11 учаске ашылмайды: Иран, Израиль, Иордания, Қатар, БАӘ (2 учаске), Оман, Ливан, Кувейт, Украина және Эфиопия.
Шетелдегі дауыс берушілердің жалпы саны – 14 380 адам. Дауыс беру Астана уақытымен таңғы 03:00-де Токио мен Сеул қалаларындағы учаскелерде басталды. Сағат 08:00-ге дейін жалпы 23 учаске ашылып, оларға келіп дауыс бергендер саны 198 адамды құрады.
Ең соңғы ашылатын учаске – АҚШ, Сан-Франциско қаласы, ол Астана уақытымен 15 наурызда сағат 19:00-де ашылып, 16 наурызда сағат 08:00-де жабылады.
Дауыс бергендердің саны бойынша мәліметтер түске дейін әр 2 сағат сайын, ал түстен кейін әр сағат сайын жаңартылып отырады.