Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Рақымшылыққа ілінді: Астанада баланы ұрған тәрбиеші жазадан босатылды

17 Шілде 2025, 21:47
758
Бөлісу:
 istockphoto.com
Фото: istockphoto.com

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істеген азаматша Т.-ны кәмелетке толмаған балаға қатыгездік танытқаны үшін кінәлі деп таныды. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабының 2-бөлігі бойынша жауапқа тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылдың қаңтар-ақпан айларында Т. балабақшада жұмыс істей жүріп, тәрбиеленуші А.-ға бірнеше рет күш қолданып, ұрып-соғып, итеріп, басқа да дөрекі әрекеттер жасаған. Бұл жайттар бейнежазбалар арқылы расталды. Кадрларда баланың ауырсыну мен жылау реакциясы анық байқалған.

Сот отырысында айыпталушының кінәсі куәгерлердің айғақтары, бейнежазбалар, сараптама қорытындысы және өзге де дәлелдермен дәлелденді. Прокурор Т.-ны 80 сағат қоғамдық жұмысқа тартуды және амнистияны қолдана отырып, оны балалармен жұмыс істеу құқығынан айыруды сұрады. Сотталушы өз кінәсін мойындап, жеңіл жаза тағайындауды өтінді. Ал жәбірленуші тарап істі ауырлау баппен қарауды және моральдық зиян үшін өтемақы өндіріп беруді талап етті, - делінген сот хабарламасында.

Сот айыпталушының кәмелетке толмаған баласының барын және оң мінездемесін ескеріп, жеңілдететін мән-жай ретінде назарға алды. Ауырлататын жағдайлар анықталған жоқ.

Нәтижесінде, сот Т.-ны кінәлі деп тауып, оған 80 сағат қоғамдық жұмыс түріндегі жаза тағайындады. Алайда, 2025 жылғы 23 маусымдағы "Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" Заңға сәйкес, ол жазадан босатылды. Сонымен қатар, жәбірленуші тараптың моральдық зиянды өтеу туралы талап арызы ішінара қанағаттандырылды.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Өзгелердің жаңалығы