Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. БҒМ Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми зерттеу институтының баспасөз қызметі Medsupportkz қауымдастығының ғалымдары мен дәрігерлерінің жарияланымында қозғалған мәселелер бойынша мәлімдеме жасады.
QazVac вакцинасын әзірлеу процесінде вирустың белсенділігін жою үшін іс жүзінде формальдегид пайдаланылады. Бұл отандық фармакопеяда шектелмеген дәстүрлі әдіс болып табылады. Вакцинаның қауіпсіздігі мен тиімділігіне келетін болсақ, оны өндіру барысында электрондық микроскопия арқылы вирустың морфологиялық тұтастығы мен қауіпсіздігі бірнеше рет тексеріледі. Клиникалық зерттеулердің барлық үш фазасында клиникаға дейінгі сынақтардағы жануарларды және вакцинацияланған еріктілерді талдау нәтижелері олардың қан сарысуында COVID-19 инфекциясының алдын алатын әрі бейтараптандыратын антиденелер пайда болғандығын көрсетеді, - делінген институт хабарламасында.
Айтуынша, осылайша, QazVac вакцинасын өндіруде формальдегидті қолдану оның антигендігі мен иммуногенділігін төмендетпейді.
QazVac вакцинасын әзірлеушілер клиникаға дейінгі және клиникалық зерттеулердің нәтижелері бойынша осы жылдың шілде айында беделді әлемдік ғылыми басылымдарда жарияланатын екі ғылыми мақаланы дайындады. Қазіргі уақытта мақалалар рецензиялаудан өтіп, баспаға қабылданды, - деп атап өтті институттың баспасөз қызметі.
Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми зерттеу институты бірнеше сарапшының пікірін ұсынды.
Ғалымдар мен дәрігерлер қауымдастығының @medsupportkz мәлімдемесінде QazVac вакцинасын дайындау кезінде формальдегидті қолдануға қатысты алаңдаушылықтары орынды. Шынында да, вирусты бейтараптандыру үшін қолданылатын формальдегид вакцинаның антигендік қасиеттерін бұзып, оның тиімділігін төмендетуі мүмкін, - деді Ұлттық биотехнология орталығының бас директоры Е. Раманқұлов.
Бас директордың сөзінше, сондықтан вакцинаға толыққанды баға беру үшін клиникалық сынақтардың үшінші фазасы жүргізіледі.
Қазіргі таңда QazVac вакцинасы бойынша клиникалық сынақтардың үшінші кезеңін аяқтап жатқанын білеміз. Сарапшылар тобының құрамында болып, клиникалық зерттеулердің бірінші және екінші фазаларында алынған нәтижелермен мұқият таныстым. Зертеулердің нәтижелері вакцинацияланған адамдарда күшті жасушалық иммунитет және жеткілікті антидененің қалыптасуын айқын көрсетті деп айта аламын. Бұл отандық QazVac вакцинасын өндіру кезінде белсенділігі жойылған вирус өзінің антигендік қасиеттерін жоғалтпайды, яғни формальдегидті қолдану толығымен негізделген дегенді білдіреді. Бұл деректер әлемдегі ең беделді медициналық басылымдардың бірінде жарияланады, - деп атап өтті Раманқұлов.
Ол отандық QazVac вакцинасының тиімділігін нақты бағалау осы жылы шілде айының ортасында вакцинацияланған еріктілер мен плацебо топтары арасында COVID-19 науқастарының саны ескерілетін клиникалық сынақтардың үшінші кезеңі аяқталғаннан кейін есептелетінін айтты.
Екіншіден, вакцинаның тиімділігін бағалаудың нақты әдісі. Атап айтсақ, коронавирусқа тән антиденелері бар вакцинацияланған еріктілердің үлесін есептеу. Әрине, бұл әдіс вакцинаны енгізу бойынша иммундық реакцияның жанама көрсеткіші ғана. Алайда, вакцинаның тиімділігінің басты өлшемі емес. Отандық QazVac вакцинасының тиімділігін нақты бағалау осы жылы шілде айының ортасында вакцинацияланған еріктілер мен плацебо топтары арасында COVID-19 науқастарының саны ескерілетін клиникалық сынақтардың үшінші кезеңі аяқталғаннан кейін есептелетін болады, - деді ол.
Ал С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ректоры Т. Нұрғожиннің айтуынша, отандық QazVac вакцинасы өзінің қауіпсіздігі мен уыттылығының жоқтығын зертханалық жануарларға жүргізілген тәжірибелер барысында дәлелдеді.
Содан кейін вакцинаның қауіпсіздігі клиникалық зерттеулердің бірінші және екінші кезеңінде еріктілер тобында расталды. QazVac вакцинасының вирусқа қарсы белсенділігі мен клиникалық тиімділігі клиникалық сынақтардың үшінші фазасының бірінші жартысының нәтижелері бойынша дәлелденді. Формальдегид әртүрлі вакциналар өндірісінде ұзақ уақыт бойы пайдаланылып келеді. Мәселен, ол тырысқаққа қарсы вакциналарда, сондай-ақ балаларға арналған әйгілі поливалентті вакциналарда кездеседі. Формальдегид пен COVID-19 вирусының өзара әрекеттесуі туралы бірнеше мақала жарияланды. Формальдегид вирустың белсенділігін жою үшін қолданылады, ал вирустың құрамына кіретін S-протеиннің өзі конформациялық өзгерістерге ұшырамайды. S-протеинге реакция ретінде антиденелер түзіліп, нәтижесінде ағзаның иммундық реакциясы пайда болады, - деді ректор.