Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада қоршаған ортаны қорғау саласына еңбек сіңірген қоғам қайраткері Салтанат Рақымбекованың құрметіне арналған аллея тағы ағаштармен толықты. 110 түп ағаштың 55-ін отбасы мен туған-туыстары, қалған 55-ін әріптестері мен серіктестері екті. Себебі жасыл экономика бойынша көшбасшысы Салтанат Рақымбекова 55 жасында өмірден өткен еді.
Былтыр басталған іс-шара жалғасын тауып жатыр. Өткен жылы 55 ағаш отырғызған едік. Оны Салтанат Темірқұлқызы атындағы саябақ деп атадық. Себебі өзі көзі тірісінде бірнеше саябақта күзгі және көктемгі маусымда ағаш отырғызатын. Жасыл экономикаға үлесін қосқан тұлға еді. Республика бойынша бірнеше жасыл орталықты ашты. Оған көрсетілген құрмет деп түсінеміз. Бүгін 110 ағаш егеміз, - деді Жасыл экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту Коалициясының атқарушы директоры Асхат Сүлейменов.
Оның айтуынша, Президенттің 5 жылда ел бойынша 2 млрд-тан астам ағаш егілуі керек деген тапсырмасы бар.
Ол бастаманы қолдау ретінде де, елордамыздың көркеюіне үлес қосу мақсатында да бұл іс-шараны қолға алып отырмыз. Ағаш отырғызуға мемлекеттік органдар тарапынан министрлік өкілдері, депутаттар, халықаралық ұйымдар атсалысады, - деді ол.
Өз кезегінде Салтанат Темірқұлқызының жолдасы Төлеутай Рақымбеков бұл саябақ былтыр 10 қазанда ашылғанын айтты.
Ол кезде 55 тал отырғыздық. Себебі Салтанат 55 жасында өмірден өтті. Жадымызда мәңгі 55-те болып қалады. Биыл 110 тал отырғызбақшымыз. Оның жартысын туыстары, қалғанын әріптестері егеді. Жылда көктем мен күзде ағаштар санын толықтырып отыруды жоспарлап отырмыз. Бұл іс-шараны қала әкімдігі мен аудандық әкімдіктерге қолдағаны үшін алғыс айтамыз. Салтанаттың жұмыстағы әріптестері, жолдастары бірауыздан атсалып, көмектесіп жатыр. Оларға алғыс айтамыз, - деді Төлеутай Рақымбеков.
Ағаш отырғызу іс-шарасына Салтанат Темірқұлқызының туған-туыстары, жора-жолдастары, билік өкілдері, әріптестері қатысты.
Олар Салтанат Рақымбекованың істеген игі істері мен бастамалары жайлы естеліктерді де айтты.
Айта кетейік, Салтанат Рахымбекова атындағы аллеяны оның серіктестері мен пікірлестері, шәкірттері есімін мәңгі есте сақтау және оның азаматтық қоғамды, «жасыл» экономиканы дамыту мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы еңбектерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу мақсатында 2020 жылдың қазан айында ашты.
Рахымбекова Салтанат Темірқұлқызы - «жасыл» экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту Коалициясының және ауыл әйелдері мен ауыл жастарын қолдау жөніндегі бірқатар қоғамдық ұйымның негізін қалаушы, Президент жанындағы «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі Кеңес мүшесі, Қазақстанның Азаматтық Альянсының президенті, БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары бойынша көшбасшылар қозғалысы жұмыстарында өз ізін қалдырды.
Ұйымдастырушылар «жасыл» экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту Коалициясы мен Салтанат Рақымбекованың қоғамдық қоры атынан атап өткендей, осы экологиялық акция таяу арадағы бес жыл ішінде бүкіл республика бойынша екі миллиардтан астам ағаш отырғызу арқылы Қазақстанды ауқымды көгалдандыру бойынша Президент Тоқаевтың бастамасын қолдау мақсатында өткізілді.