Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі хабарлады.
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің бұйрығымен Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы лауазымына Виталий Владимирович Ярошенко, Аэроғарыш комитетінің төрағасы лауазымына Баубек Жеткергенұлы Оралмағамбетов тағайындалды.
Виталий Ярошенко 1977 жылы дүниеге келген. Ақмола аграрлық университетін, Қазақ гуманитарлық-заң университетін, Көкшетау экономика және менеджмент институтын тәмамдаған.
2003 жылдан бастап байланыс саласына жетекшілік ететін орталық мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелерінде жұмыс істеді. 2015–2017 жылдары ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті төрағасының орынбасары, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Байланыс департаментінің директоры, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Байланыс, ақпараттандыру және БАҚ саласындағы мемлекеттік бақылау комитеті төрағасының орынбасары лауазымдарын атқарды. 2017–2019 жылдары — ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті төрағасының орынбасары.
2019 жылғы ақпаннан бастап ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы қызметін атқарды, 2019 жылғы мамырдан бастап ҚР цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы.
Баубек Оралмағамбетов 1983 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген. Мәскеу авиация институтын бітірген.
Еңбек жолын 2006 жылы М.В. Хруничев атындағы мемлекеттік ғарыш ғылыми-өндірістік орталығында инженер-конструктор болып бастаған.
2010–2012 жылдары «Бәйтерек» Қазақстан–Ресей бірлескен кәсіпорны» АҚ өкілдігінде бас маман, бөлім басшысы болды.
2012–2014 жылдары — ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің Ғарыш қызметін дамыту департаменті директорының орынбасары; директоры.
2014–2015 жылдары — ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Аэроғарыш комитетінің Жобаларды сүйемелдеу басқармасының басшысы.
2015–2016 жылдары — «Ғалам» ЖШС бас директоры.
2016–2017 жылдары ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитеті төрағасының міндетін атқарған.
2017 жылғы мамырдан бастап ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары лауазымын атқарған.
2019 жылғы мамырда ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды.