Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың және Азаматтық авиация комитеті, "Азаматтық авиация академиясы" АҚ және "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" басшыларының қатысуымен бейнеконференция байланысы режимінде азаматтық авиация мамандарын даярлау мәселелері бойынша кеңес өтті.
Министр Академияда кадрлар даярлаудың жеткіліксіз деңгейін атап өтті. Бірінші кезекте бұл ұшу құрамын оқыту бағдарламасының халықаралық стандарттарына сәйкес келмеуіне, сондай-ақ отандық авиакомпаниялар тарапынан салалық оқу орны түлектерінің төмен сұранысқа ие болуына байланысты. Мәселені шешу үшін ведомство басшысы талапкерлерді іріктеуді күшейтуді және Академияға түсу үшін өту балдарын арттыруды, сондай-ақ авиацияның басқа түрлері үшін персоналды даярлау бағдарламасын енгізуді тапсырды. Көптеген жылдар бойы Боинг корпорациясының бас пилоты болған "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" Ұшу қауіпсіздігі департаментінің басшысы Линда Орледи де бірқатар маңызды ескертулерді айтып өтті. Сонымен, жүргізілген инспекторлық тексеру қорытындысы бойынша Академияның бірқатар сәйкессіздіктері атап өтілді, олар ЖОО-ның ҚР Білім және ғылым министрлігінен бейінді министрлікке берілуін есепке ала отырып, жас авиаторларды оқыту тәсілдерін жүйелі өзгертуді талап етеді.
Өз кезегінде, бұған дейін алға қойылған міндеттерді табысты жүзеге асыру және алдыңғы қатарлы әлемдік жоғары оқу орындарының қатарына шығу үшін Азаматтық авиация академиясы 2025 жылға дейінгі Академияны дамыту Бағдарламасын бекіткен болатын. Талқылау қорытындысы бойынша ол халықаралық сарапшылардың ұсыныстарын ескере отырып, жақын арада қайта қаралатын болады.