Астана, BAQ.KZ. Абу-Дабидегі Президент сарайында Қазақстан Республикасының жаңадан тағайындалған Елшісі Мадияр Меңілбековтің Біріккен Араб Әмірліктері Вице-Президенті, Премьер-Министрі, Дубай әмірлігінің билеушісі шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактумға Сенім грамоталарын тапсыру салтанатты рәсімі өтті.
Екіжақты кездесу барысында Елші Қазақстан-Әмірліктер қарым-қатынастары қазіргі таңда жоғары белсенділігімен және мемлекетаралық диалогтың тиімділігімен ерекшелетінін атап өтіп, «екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнатылғалы бері саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және әскери байланыстардың қарқынды дамып жатқанына» назар аударды.
Осы ретте, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың жекелеген өзекті бағыттары, оның ішінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылғы қаңтардағы және 2018 жылғы наурыздағы Біріккен Араб Әмірліктеріне жасаған сапарларының қорытындылары, сондай-ақ жоғарғы деңгейдегі іс-шаралар жоспарына қатысты мәселелер аталып өтілді.
Шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактум қазіргі екіжақты әріптестік деңгейіне жоғары баға беріп, әмірліктер тарапының өзара тиімді, дәстүрлі достық байланыстарды әрі қарай нығайтуға әзірлігін растады. Сондай-ақ ол Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа ыстық лебіздерін білдіріп, жаңа тағайындалған Елшіге Қазақстан-Әмірліктер қатынастарын тереңдету жолындағы жұмысына сәттілік пен мол табыс тіледі.