«Қызыңыздың кесірінен жүкті әйел қайтыс болды»: Петропавлдық зейнеткер алаяққа 5,5 млн теңге берген

3 Шілде 2023, 11:50
979
Бөлісу:
«Қызыңыздың кесірінен жүкті әйел қайтыс болды»: Петропавлдық зейнеткер алаяққа 5,5 млн теңге берген
Фото: Арман Мухатов - архив

Петропавлда алаяққа алданған зейнеткер 5,5 млн теңгесінен қағылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Ішкі істер министрлігінде өткен апталық баспасөз мәслихатында ведомствоның өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлімдеді.

5,5 млн теңгені полицейлер Петропавлдағы алаяқтарға алданған зейнеткерге қайтарып берді.

«Сіздің қызыңыз жол-көлік оқиғасын жасады, оның кесірінен жүкті әйел қайтыс болды». 76 жастағы әйел телефон тұтқасынан осындай сөздерді естіді. Оған өзін полиция қызметкері ретінде таныстырған адам қоңырау шалып, осылай деген. Оның айтуынша, апаттан зардап шеккен әйелдің туыстары, егер олар үлкен ақша алса, өтініш жазбауға келіскенін жеткізген. Есеңгіреген зейнеткер бұған келісіп, мекен-жайға келген курьерге өзінің барлық 5,5 млн теңге жинағын берген, - деп атап өтті ведомствоның өкілі.

Осыдан кейін оның қызы үйге оралып, не болғанын біліп, дереу полицияға жүгінеді.

Тәртіп сақшылары курьерді іздеп тауып алады, полицейлердің айтуынша, ол Петропавлдағы алаяқтықтың тағы екі фактісіне қатысы болуы мүмкін. Бұл жолы ол ізі суымай қолға түсті, ұрланған ақша тәркіленді. Мұндай алдау схемасы жақында кеңінен қолданылғанына көпшіліктің назарын аударғымыз келеді. Біз адамдардан қырағылық танытуды, зиянкестердің психологиялық қысымына көнбеуді сұраймыз. Осындай жағдайда әңгімені үзіп, алаяқтар сілтеме жасайтын туыстарымен байланысыңыз. ЖКО фактісінің анық-қанығына көз жеткізу үшін «102» арнасына хабарласу керек, - дейді Шұғыла Тұрлыбек.

Өзгелердің жаңалығы