Солтүстік Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Петропавлда жаңа оқу жылында 44 мектепте алғашқы қоңырау соғылды. Балалардың жол үстіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қызылжарлық тәртіп сақшылары қоғамдық тәртіпті күшейтті.
Жаңа оқу жылының басталуына орай әр мектепте өткен салтанатты жиналысқа полиция қызметкерлері қатысты. Сақшылар ұстаздармен, ата-аналармен бірге оқушыларды қарсы алып, алғашқы оқу күнінен бастап жол қозғалысының толыққанды қатысушылары екенін естеріне салды.
СҚО Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Думан Таевтың айтуынша, қоғамдық тәртіпті және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полицияның кешенді күштерінің қызмет өткеру орындары әзірленген.
«Білім күнінде 632 полиция қызметкері жұмылдырылды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 88 автопатрульдің қызмет атқару бағыттары білім ордаларына жақындатылды. Бұдан бөлек, профилактикалық шаралар да күшейтіледі. Полиция қызметкерлері балалардың жол үстінде қауіпсіз жүріп-тұруына бағытталған және бейтаныс адамдармен сөйлескен кездегі бірқатар негізгі ережелерді айтып берді. Ата-аналарға кәмелетке толмаған балаларының әрекетіне қатысты заңнаманың нормалары түсіндірілді», - деп атап өтті Думан Таев.
Білім күні қарсаңында бірқатар дайындық шаралары өткізілді. Жаяу жүргіншілер өткелдері жаңартылып, жасанды тегіссіздіктердің, жол белгілерінің жағдайы тексерілді. Мектептерде сабақтар басталмастан бұрын полиция қызметкерлері облыс орталығының көше-жол желісін тағы бір мәрте зерттеп шықты. Петропавлда 134 жаяу жүргіншілер өткелі бар. Олардың басым бөлігі жаңартылды.
Бірқатар мектептердің маңындағы өткелдер ақ-сары түске боялды. Тәртіп сақшылары талдау жұмыстарын жүргізіп, жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен жол инфрақұрылымының элементтерін жаңарту бойынша жұмыстар ұйымдастырады. Қозғалысы көп үш көшедегі жолдарда ерекше дыбыс шығарып жүргізушілерге ескерту беретін арнайы жолақтар салынды.
Жыл басынан облыс полицейлері көше-жол желісіне 118 тексеру жүргізді. Жергілікті атқарушы органдар атына жол жағдайын бақылау туралы 106 ұйғарым жіберілді. Жолдар мен жол маңындағы құрылыстардың қанағаттанарлықсыз жағдайы үшін 12 хаттама толтырылды.