Эпидемиологиялық маусымның басынан бастап (1 қыркүйектен) Қазақстан Республикасында ЖРВИ-дің 3 332 252 жағдайы тіркелді. Бұл өткен маусымның ұқсас кезеңіне қарағанда 10%-ға төмен, деп хабарлайды BAQ.KZ Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Осы кезеңде зертханалық расталған тұмаудың 3 018 жағдайы анықталды, оның ішінде: А тұмауы вирусы (H3N2) - 2 958 жағдай, А тұмауы вирусы (H1N1) - 53 жағдай, В тұмауы вирусы - 7 жағдай.
Тұмаудың профилактикасы шеңберінде 2 272 739 адам вакцина алды, бұл халықтың 11,13%-ын құрайды және ДДҰ ұсынымдарына сәйкес келеді.
Ал білім беру ұйымдарындағы оқу процесі штаттық режимде жүзеге асырылады. Оқушылардың арасындағы сырқаттану сыныптағы оқушылар санының 20%-нан аспайды.
Денсаулық сақтау министрлігі профилактикалық шараларды сақтау қажеттілігін ескертті. Атап айтсақ, қолды үнемі жуып, үй-жайларды желдетіп, аурудың белгілері басталған кезде адамдар көп жиналатын жерлерге баруды шектеу керек.
Сонымен қатар, елде қызылша ауруының тіркелуі жалғасуда. 2025 жылдың қараша айынан бастап сырқаттанудың өсуі байқалады. Қызылша Шымкент қаласын қоспағанда, еліміздің 19 өңірінде тіркелген.
Сырқаттанғандардың 80%-ы егілмеген халық. Оның ішінде балалардың 58%-ына ата-аналарының бас тартуы салдарынан вакцина салынбаған.
Вакцинациялау қызылша профилактикасының жалғыз тиімді шарасы болып қала береді. Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарға ұлттық күнтізбеге сәйкес балаларда профилактикалық егулердің болуын тексеруді және қажет болған жағдайда тіркелген жері бойынша медициналық ұйымдарға жүгінуді ұсынады.
Еске салайық, бұған дейін Астанада қызылша қайта күшейіп, 900-ге жуық бала вирус жұқтырғанын хабарладық.
Сондай-ақ, Щучинскте кадеттер арасында жұқпалы ауру тарап, карантин жарияланды. Қызылша індетін жұқтырған 71 кадет стационарлық бақылауға алынды.