Қызылша дерегі тіркелсе, карантин қалай енгізіледі?

Бас мемлекеттік дәрігердің айтуынша, екпе алмаған балаларды уақытша шеттету олардың кейін сырқаттанып қалмауы үшін жасалады.

 ©BAQ.KZ архиві/Ғазиз Шәкіров 20 Ақпан 2026, 13:34
20 Ақпан 2026, 13:34
929
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Ғазиз Шәкіров

Қазақстанда қызылша анықталған жағдайда мектептер мен балабақшалардағы шектеу шаралары қалай енгізілетіні белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы – Бас мемлекеттік дәрігер Сархат Бейсенова Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Ұйымдасқан ұжымдарда қызылша дерегі тіркелген әрбір жағдайда өңірлерде міндетті түрде эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізіліп, шектеу шаралары қабылданады. Яғни соңғы қызылша жағдайы тіркелген сәттен бастап 21 күн бойы жұмыстар жүргізіледі. Бұл – байланыста болған адамдарды медициналық бақылау. Осы кезеңде бұрын балабақшаға немесе мектепке бармаған балаларды қабылдауға рұқсат етілмейді, – деп жауап берді бас мемлекеттік санитариялық дәрігер.

Айтуынша, екпе алмаған балаларды уақытша шеттету олардың кейін сырқаттанып қалмауы үшін жасалады.

Ұйымдасқан ұжымдарда вакцинамен қамту деңгейі міндетті түрде тексеріледі. Егер екпе алмаған немесе екпе туралы дерегі жоқ 30 жасқа дейінгі балалар не ересектер болса, соңғы байланыстан кейін 72 сағаттың, яғни үш күннің ішінде медицина ұйымдары оларды вакцинациялайды. Әрине, мұндай ұжымдарда жаппай іс-шаралар өткізуге де шектеу қойылады, - деді Сархат Бейсенова.

Бұған дейін Денсаулық сақтау минситрлігі Қазақстанда қызылша ауруының қараша айынан бері айлық динамикада сырқаттанушылықтың өскені байқалатынын айтып, ескерту жасаған еді.

Наверх