Қызылордалық санатория қызметкерлері 4 ай бойы жалақы алмаған

2 Қыркүйек 2020, 04:20
2002
Бөлісу:
Қызылордалық санатория қызметкерлері 4 ай бойы жалақы алмаған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылордадағы балалар мен жасөспірімдерге арналған туберкулезге қарсы санаторияның 100-ге жуық қызметкері жұмыссыз қалды. Өйткені шипажай тубдиспансерге қосылмақ.

Бұл жаңалық айлықтарын төрт айдан бері даулап жүргендерге "жығылғанға жұдырық" болып тиді деп хабарлады "Астана" телеарнасы. Олар жағдайды түсіндіруін талап етіп, облыс әкімдігіне баса-көктеп жетіп барды. Айтуларынша, мамыр айынан бері жалақыларын алмаған. Енді, міне, мекеменің түбегейлі жабылатынын естіп, сергелдеңге түскен.

Қанша бала-шағамыз бар, осы жұмысымызға сеніп, қанша адам кредит алды. Әр адамның басында 100 мыңнан кредит бар. Қалай төлейміз біз? Біздің жанайқайымызды тыңдаса екен жоғарыдағылар, - деді тәрбиеші Айжан Смайылова.
Көп уақыт өтпей, қақпадағы қара құлып та алынды. Жиналғандардың уәжін облыс әкімі емес, оның орынбасары тыңдады. Ал облыстық Денсаулық сақтау басқармасы болса, балалар шипажайының жабылатынын растады. Бұл министрлікпен келісіле отырып қабылданған шешім екенін жеткізді. Дей тұрғанмен, ешкім жұмыссыз қалмайтын көрінеді.
Тубдиспансердің құрамына қосып береміз. Жалпы, бұл санаторияның медициналық қызметтері қалада орналасқан басқа емханалар мен ауруханаларда жолдама арқылы жұмыс істейтін болады, - деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бастығы Сәбит Пазылов.
Сонымен қатар, тәрбиешілер Білім басқармасы арқылы жұмысқа орналастырылатын болды. Ал шаруашылық қызметкерлерінің мәселесі белгісіз.

Еске сала кетсек, аталған шипажай өңірде 1950 жылы ашылған. Соңғы рет биыл маусым айында 69 баланы оңалтып, үйлеріне жіберген. Одан кейін карантинге байланысты емделуге ешкім келмепті. Ал қызметкерлері келушілер болмаса да жұмыс істедік деп отыр. Жүзге жуық қызметкерге басшылар шамамен 30 миллион теңге жалақы берешек. Қордаланған бұл қарызды жергілікті атқамінерлер бір айдың көлемінде бюджет есебінен өтейміз деп уәде беріп отыр.

Өзгелердің жаңалығы