Қызылорда облысында құрылыс материалдары шығарылып жатыр. Кәсіпкерлер кәсіптің осы түріне шындап ден қойды,- деп хабарлайды Қызылорда облысындағы BAQ.kz тілшісі.
Соның бірі — жалағаштық Қанат Ермек. Мемлекеттік «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы есебінен алған 2 млн теңге есебінен ол полистиролбетон өндірісін дөңгелетіп әкетті.
Полистиролбетонның кәдімгі кірпіштен артықшылығы аз емес. Біріншіден, жеңіл. Екіншіден, ұзаққа жарайды. Суыққа төзімді, оттан сақтайды. Осындай ерекшелігіне бола оны алушылар көбейіп келеді.
Айына 4 мыңдай блок өнім шығарамыз. Біреуінің бөлшек саудадағы бағасы — 950, көтерме саудада — 850 теңге. Сұранысқа қарай тағы жеңілдік жасауға болады, – дейді кәсіпкер.
Ал қызылордалық Жұмабек Садуақасов он адамға нәпақа тауып беріп отыр. Жұмысшыларға қолайлы жағдай жасаған. Өндіріс түгел автоматтандырылған.
2006 жылдан бері брусчатка, бордюр секілді құрылыс материалдарын шығарып келеміз. Тас төсеніш, жиектас, құм мен тас, басқа да шикізат облыс аумағынан алынады. Цемент «Гежуба Шиелі Цемент» зауытынан, – дейді Ж. Садуақасов.
Ол «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауымен өндірісін одан әрі өркендетті. Мемлекеттік бағдарлама бойынша 2021 жылы субсидиялау түріндегіқолдауға ие болды.
Қос кәсіпкер де өндіріс аясын тағы кеңейтуді ойластырып отыр.