Ертең, яғни 20 қаңтарда Қызылорда қаласында Ұлттық құрылтайдың V отырысы өтеді. Алдағы құрылтайдан не күтуге болады? BAQ.KZ тілшісі анықтап көрді.
Бибігүл Жексенбай: Ұлттық құрылтай нақты нәтиже беріп келеді
Сенат депутаты, Президент жанындағы Ұлттық құрылтай төрағасының орынбасары, Бибігүл Жексенбай Ұлттық құрылтайдың жұмысы нәтижелі екендігін алға тартты.
Оның айтуынша, бұған дейін өткен құрылтай отырыстары негізінде қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған ондаған заң қаралған.
Қабылданған негізгі заңдар қоғам дамуына тікелей қатысты әрі жылдар бойы шешімін таппай келген өзекті мәселелерді қамтиды. Олардың қатарында тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес те, ұлттық құндылықтарды нығайтуға бағытталған бастамалар да бар. Төртінші отырыстың қорытындысы бойынша архив ісі, есірткі бизнесі мен нашақорлыққа қарсы іс-қимыл салаларын қамтитын 10 заң қабылданды. Меніңше, Ұлттық құрылтайдың әрбір отырысы нақты нәтижеге жұмыс істеп келеді, оның оң ықпалы қазірдің өзінде қоғам өмірінен байқалып отыр, – деді Бибігүл Жексенбай.

Бибігүл Жексенбайдың айтуынша, Ұлттық құрылтайдың әр отырысында көтерілетін мәселелердің ауқымы өте кең. Құрылтай құрамындағы 100-ден астам мүше әр сала мен әр өңірде жинақталған түйткілдерді ортаға салады. Бұл ұсыныстар елдің әлеуметтік және экономикалық жағдайына ғана емес, жалпы қауіпсіздікке, мәдениет пен өнер саласына қатысты мәселелерді де қамтиды. Сондай-ақ осы алаңда парламенттік реформалар тақырыбының да қозғалуына негіз бар екенін атап өтті.
Сонымен бірге сенатор былтыр желтоқсан айында өткен Ұлттық құрылтайдың секциялық отырысында өзі көтерген ұсыныстарға тоқталды.
Оның айтуынша, соңғы 30 жыл ішінде Парламентте, өкінішке қарай, қазақ тілінде бар болғаны екі ғана заңның түпнұсқасы әзірленіп, қабылданған. Осыған байланысты, алдағы парламенттік реформалар аясында мүмкіндікті пайдаланып, заң жобаларының түпнұсқасын екі тілде қатар әзірлеу қажет деп санайды. Мұндай тәжірибе екі тіл тең қолданылатын Швеция секілді мемлекеттерде бар, – деді сенатор.
Ел болашағы Құрылтайда талқыланады
Сенатор Амангелді Толамисов Ұлттық құрылтай – ел болашағы талқыға түсетін алаң деп атады.
Ұлттық құрылтай еліміздегі демократияның орнығуына ықпал етіп, халықпен ашық пікірталас пен еркін пікір алмасудың маңызды алаңына айналды. Жыл сайынғыдай, бұл жолы да құрылтайда қоғамдағы негізгі түйткілді мәселелер – әлемдегі ахуал, экономикалық жағдай, әлеуметтік мәселелер жан-жақты талқыланып, нақты бағыт-бағдарын табады деп сенеміз, - дейді сенатор.

Сондай-ақ депутат Құрылтай мінберінде ненің ашық айтылатынына тоқталды.
Қоғамды алаңдатқан мәселелердің барлығы құрылтай мінберінде ашық айтылады. Сондықтан ел болып бұл жиынды асыға күтіп отырмыз. Алдағы Қызылордада өтетін құрылтайда еліміздің экономикалық және саяси дамуының бұдан кейінгі бағыты нақты айқындалады деп күтеміз, - деді Амангелді Толамисов.
Құндылықтар мен реформалар тоғысқан алаң
Қазақстандық қоғамдық даму институты Қоғамдық үрдістерді зерттеу орталығының басшысы Риззат Тасымның пікірінше, Ұлттық құрылтай демократиялық жаңғырудың маңызды буынына айналды. Сондай-ақ мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелерін талқылау мен шешу үшін инклюзивті алаң ретінде қызмет етуде.
Жалпыхалықтық жиналыс дәстүрінің қайта жаңғыруы тарихи сабақтастықты айшықтап, ұлттық бірлікті нығайта түсті. Мемлекет басшысының төрағалығымен өтетін жыл сайынғы отырыстар Құрылтайдың қоғамдық мемлекеттік қатынастар жүйесіндегі жоғары саяси мәртебесін көрсетеді. Алдыңғы отырыстар 400-ден астам пысықталған бастамалардың көтеріліп, қоғамның өзекті сұраныстарын айқындайтын бірқатар заң жобаларын талқылау мен қабылдауына түрткі болған маңызды мінберге айналды. Бесінші отырыстан бастап Құрылтайдың қоғам мен мемлекет арасындағы жан-жақты диалогтың тұрақты тетігі ретіндегі институционалдық нығаюының жаңа кезеңі басталары хақ, - дейді саясаттанушы.
Сонымен қатар сарапшы ертеңгі отырыстан не күтілетініне тоқталды.
Қызылордадағы Құрылтайдың жұмыс секцияларында, сондай-ақ кейін Президенттің қатысуымен өтетін пленарлық отырыста алдағы мемлекеттік басқару жүйесі, конституциялық-парламенттік реформалар және құндылықтық бағдарды одан әрі нығайту мәселелері бойынша жүйелі ұсыныстардың көтерілуі ықтимал. Сонымен қатар болашақта бірпалаталы Парламентті «Ұлттық құрылтай» деп атау жөнінде ұсыныстар айтылып жүргенін ескерсек, бұл консультативтік-кеңесші органның қызметінде болуы мүмкін өзгерістер өзге де факторларға тәуелді екенін аңғаруға болады, - дейді Риззат Тасым.
Сонымен қатар спикер консультативтік-кеңесші органдар қызметінің өзегі саналатын кеңесуші демократия тұжырымдамасы – саяси шешімді қалыптастырудың тиімді тәсілі деп отыр. Бұл тәсіл дәстүрлі көпшіліктің тікелей дауыс беру механизмімен қатар, пікірлерді мұқият талдап, дәлелдермен өлшеп, өзара қабылданатын шешімдер іздеуге бағытталған процесті көздейді.
.jpeg)
Сол секілді, 2019 жылы маусымдағы сайлаудан кейін қызметіне кіріскен Президент Қ. Тоқаевтың бастамасы Қазақстан тарихының жаңа парағын ашты деуге болады. Ол Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы мәлімдеген болатын. Бұл қадам билік пен халық арасындағы диалогты тереңдетуді көздейтін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын дамытудың кең ауқымды жоспарының бір бөлігіне айналды. Ұлттық кеңес саяси реформаларды әзірлеу процесіне белсене қатысып, өз кезегінде елдің саяси жүйесі шеңберіндегі өкілеттікті барынша тиімді және теңдестірілген түрде бөлуге мүмкіндік берді. Яғни, 2019–2022 жылдар аралығында жүзеге асқан саяси реформалардың төрт топтамасына идеялық әрі практикалық арна қалыптасты, - дейді саясаттанушы.
Пайымдауынша, нәтижесінде Ұлттық кеңестің ізбасары және оның жұмысын жаңа әрі жоғары деңгейде жалғастырушы ретінде ойластырылған Ұлттық құрылтайды құру туралы жарияланды.
Құрылтай ел тұрғындары ой-пікірін еркін білдіре алатын жалпыұлттық диалогқа арналған негізгі платформаға айналуды көздейді. Соңғы жылдарда Құрылтай құрылымдық қалыптасу кезеңдерінен өтіп, жүйелі диалог, қоғамдық сараптама және стратегиялық бастамалар алаңына айналды. Өйткені өздеріңіз де аңғарып отырғандай, жалпыұлттық құндылықтар, мәдени сана-сезімді дамыту, әлеуметтік кеселдердің алдын алу және жою, инфрақұрылымдық өзгерістер, ішкі саясатты біріздендіру, бүгінгі "Әділетті Қазақстан", "Адал азамат", "Заң мен тәртіп" секілді негізгі саяси қағидаттар дәл осы алаңда қалыптасқанын естен шығармаған жөн, - деді Риззат Тасым.
Ұлттық құрылтайдың V отырысы 20 қаңтар күні Қызылордада өтетінін айта кетейік.