Қызылорда облысында бәйгеден ҚР чемпионатының оңтүстік аймақтық ІІ іріктеу турнирі ұйымдастырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жарыстың салтанатты ашылуына Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, «Бәйге» федерациясының президенті Қанат Көпбаев қатысты.
Қызылорда облысының әкімі Н. Нәлібаев жүйрік жаратып, ат баптау ұлтымыздың рухани болмысына, әдет-ғұрып мәдениеті мен өнердің тұтас бір бөлігіне айналғанын атап өтті.
Соңғы жылдары аймақта ұлттық спорт түрлері бұқаралық сипат алып келеді. Бүгінде облыста 16 мыңнан астам адам ұлттық спортпен шұғылданады. Спортшыларымыз өткен жылы Қазақстан Республикасы чемпионаты мен кубоктарында, Әлем және Азия чемпионаты мен кубоктарында жеңіп алған медаль санымен соңғы бес жылдықтағы рекордты жаңартты. Бүгінгі республикалық бәйге жарысы да Сыр өңірінің мерейін асырып, ұлттық спорттың өркендеуіне жаңа серпін береді деп сенемін. Төзім мен жігер, қайрат пен мінез сынға түскен бәйгеде тұлпарлардың тұяғы талмасын. Шабандоздардың тақымы тастай болсын! —деді Нұрлыбек Мәшбекұлы.
Сондай-ақ салтанатты шарада сөз сөйлеген Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов ұлттық спорттың өркендеп, дамуы Мемлекет басшысының тікелей бақылауында екенін жеткізді.
Қазір ұлттық спортты дамыту – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты. Оған Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ерекше көңіл бөліп отыр. Осы орайда біз ұлттық спортты кәсіби және бұқаралық бағытта дамытуды қолға алдық. Ел аумағында ұлттық спорт түрлерін жаңғырту үшін көптеген жарыстар ұйымдастырудамыз. Оның ішінде, ат спортының орны бөлек. Осы жылдан бастап көкпар ойындарын футбол тәрізді лига форматында өткіземіз, яғни, «Жоғары лига», «Бірінші лига» және «Екінші лига» форматы енгізілді. Келесі жылы V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны Қазақстанда өтеді. Бұл – біз үшін мерейлі мәртебе әрі зор жауапкершілік. Бүгінгі жарыс – алдағы Көшпенділер ойынына дайындық іспетті, — деді Исламбек Төлеубайұлы.
Сонымен қатар, «Бәйге» федерациясының президенті Қанат Көпбаев жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, бәйгенің маңызына тоқталды.
Жарыс алаңына 129 - тұлпар шықты. Олардың қатарында Астана қаласының шабандоздары да бар.
Жарыстың көркін ашқан Аламан бәйгенің І орнын елордалық шабандоз Ердосұлы Алдияр «Алғыр» есімді тұлпарымен бас жүлдені жеңіп алып, бас жүлдеге тігілген автокөлікке ие болды.
Мен өте қуаныштымын. Біз Астана қаласынан қатыстық. Бәйгеге шапқан атым «Алғыр» 5 жаста. Алғырдың еншісінде көптеген жүлделі орындар бар. Алғаш рет 2021 жылы Қостанай қаласында өткен бәйгеде 1-орын, Маңғыстау облысы Ошақ бәйгеде атақты Бақторымен таласып, 2-орынға ие болды, Қарағанды облысында жүлделі болып қайттық. Ақмола облысы Зеленый аулында жүлделі 3-орын алдық. 2022 жылы Астана қаласында өткен «Елорда бәйгесінде» жүлделі 4-орынға ие болдық. Бүгін міне Қызылорда облысындағы бәйгеде бас жүлдеге ие болдық. Алдағы уақытта да бәйгеге қатысып, жүлделі орындардан көрінеміз. Құттықтап жатқан адамдарға алғысымды білдіремін, - деп қуанышымен бөлісті жеңімпаз атанған Алдияр Ердосұлы.
Жүлделі орындардан көрінген 15 тұлпарға қаржылай сыйақы табысталды. Айта кетейік бәйгенің жалпы жүлде қоры 35 600 000 теңге.