Қызылорда қаласында болған жантүршігерлік жол-көлік оқиғасынан кейін марқұмның туыстары әлеуметтік желі арқылы әділдік сұрап, істің ашық тергелуін талап етуде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2026 жылғы 13 наурызда Қызылордада Тәуелсіздік - Алисова көшелерінің қиылысында болған жол апаты салдарынан 1979 жылы туған азамат, ВАЗ 2104 көлігінің жүргізушісі қаза тапқан. Туыстарының айтуынша, соққының күші өте жоғары болған. Оның басы денесінен бөлініп, жол жиегінде жатқан.
Куәгерлердің айтуынша, соққы соншалықты қатты болған, көлік шамамен 70 метрге дейін ұшып кеткен. Інім көліктен ұшып шығып, ауыр жарақат алды. Бұл жағдайды еске алу біз үшін өте ауыр, бірақ шындық айтылуы керек, - дейді Ботагөз Ағатаева.
Әлеуметтік желіде тараған мәліметке сәйкес, екінші көлік — Lexus 460 жүргізушісі рұқсат етілген жылдамдықтан бірнеше есе асып кеткен болуы мүмкін.
Олар істің тергелу барысына қатысты бірқатар күмәнді жайттарды да атап өткен. Атап айтқанда, көліктегі видеорегистратор жазбасына қатысты сұрақтар туындап отыр.
Фото: видеодан скриншот
Айтуларынша, видеожазба бар, бірақ ашылмайды. Бұл деректердің жойылғаны немесе жасырылғаны туралы күмән тудырады. Мұның бәрі толық тексерілуі керек, - дейді ол.
Марқұмның артында алты баласы қалған. Туыстары олардың тағдырына алаңдап, әділ шешім қабылдануын сұрайды.
Ең ауыр жағдай – інімнің 6 баласы қалды. Олардың екеуі туған емес, бірақ інім оларды өз баласындай тәрбиелеп келген. Біз тек әділдік сұраймыз, - дейді марқұмның әпкесі.
Оқиға туралы Қызылорда облыстық Полиция департаменті аталған жол-көлік оқиғасына қатысты ресми мәлімет берді.
Ведомствоның хабарлауынша, оқиға орнына дереу полиция наряды келіп, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Істің тергелуі департамент басшылығының бақылауында, - делінген хабарламада.
Ал марқұмның туыстары күдіктенгендей "Сараптаманың қорытындысы шықты ма, күдікті ұсталды ма? деген сауалымызға жауап бермеді. Сонымен қатар полиция моральдық және этикалық қағидаларды сақтау мақсатында жол апатының салдарын көрсететін фото және бейнематериалдарды таратпауға шақырды.