Қызылордада 16 жастағы қыз зорланып, бала тапты. Қыздың айтуынша, 29 жастағы ер адам оны күшпен машинаға отырғызып, пәтерге апарып зорлаған. Нәтижесінде қыз жүкті болып, бір ай бұрын босанған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жас анаға қазір күдікті туыстары мен тергеу органдары тарапынан қысым көрсетілуде.
Қызылорда облыстық полиция бұл дерек бойынша тергеу басталғанын растады. Күдікті қамауға алынған.
Арыз негізінде кәмелетке толмаған қызды зорлау және 16 жасқа толмаған қызбен жыныстық қатынас жасау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Екі күдікті де ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды, - делінген полиция хабарламасында.
Қазіргі уақытта қылмыстық істердің бірі – 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас жасау дерегі бойынша іс сотқа жолданды.
Екінші қылмыстық іс бойынша қажетті кешенді тергеу және процестік әрекеттер жүргізілуде. Қылмыстық процеске қатысушылардың уәждері тексеріліп, дәлелдемелерді жинау және талдау жүзеге асырылуда, - деп хабарлады облыстық ПД.
Тергеу органдары істің барлық мән-жайларын мұқият анықтап, зерделеуде. Толық және жан-жақты тергеу нәтижелері бойынша заңды шешім қабылданатын болады. Іс Қызылорда облысы ПД басшылығының ерекше бақылауында.
Полиция азаматтарға жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік барын еске салып, тек ресми дереккөздерге ғана сенуге шақырады.
Еске салсақ, Павлодарда полиция 23 жастағы әйелді үш күндік қыз баланы ақшаға бермек болған сәтінде ұстады. Ол сәбиін 800 мың теңгеге бағалаған. Қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.