Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қызылордада Шөмішбай Сариевтің 80 жылдығына арналған гала-концерт өтті

Бүгiн, 21:50
165
Бөлісу:
 Мәдениет және ақпарат министрлігі
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

V Ұлттық құрылтай аясында Қызылорда қаласындағы Өнер орталығында көрнекті ақын Шөмішбай Сариевтің 80 жылдық мерейтойына арналған «Айналдым сенен, Атамекен» атты гала-концерт ұйымдастырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.

Салтанатты кешке Қазақстан Республикасы Президентінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаев, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, ақынның жұбайы Жұмагүл Сариева, сондай-ақ Ұлттық құрылтай мүшелері мен өнер қайраткерлері қатысты.

Кеш барысында ақынның елге кеңінен танымал патриоттық және лирикалық әндері орындалды. Атап айтқанда, «Қарағым-ай», «Сәлем саған, туған ел», «Сен мұңыңды бер маған», «Өкінбе сен» және басқа да туындылар шырқалды. Әндерге облыстық симфониялық оркестр мен «Сыр самалы» вокалды-аспапты ансамблі сүйемел жасады.

Шөмішбай Сариев – 300-ден астам өлеңнің және 15 кітаптың авторы. Сонымен қатар ол Ираклий Абашидзе, Ольга Берггольц, Андрей Дементьев, Роберт Рождественский, Луиш де Камоэнс секілді әлемге танымал ақындардың шығармаларын қазақ тіліне аударған көрнекті қаламгер ретінде де жоғары бағаланады.

Мерейтойлық гала-концерт өңірдің мәдени өміріндегі маңызды оқиғаға айналып, ақын шығармашылығын кеңінен насихаттауға зор үлес қосты. Кеш соңында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың атынан ақын отбасына ықылас гүлі табысталды.

Өзгелердің жаңалығы