Қызылордада "Сергек" бейнебақылау камерасы іске қосылды

4 Шілде 2024, 19:31
401
Бөлісу:
Қызылордада "Сергек" бейнебақылау камерасы іске қосылды
Фото: polisia.kz

Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында Қызылордада “Сергек” стационарлы жылдамдық өлшегіш құрылғылары іске қосылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында Қызылорда қаласы орталығында автокөліктер ағымы басым көше бойларына әкімшілік құқық бұзушылықтарды автоматты түрде анықтайтын 10 “Сергек” стационарлы жылдамдық өлшегіш құрылғысы іске қосылды. 

Аталған стационарлы жылдамдық өлшегіш құрылғылар екі бағытта жылдамдықты асырған және жолдың жүру бөлiгiндегi таңбалармен көрсетiлген талаптарды сақтамай құқық бұзушылық жасаған автокөліктерді анықтайтын болады. Сонымен қатар нөмірлік белгілерді (төмен жарық жағдайында да шағылыстыратын, сондай-ақ шағылыстырмайтын көлік нөмірін оқи отырып), темір тұлпардың түсін, маркасын автоматты түрде тануды, жылдамдық артуын оптикалық тіркеп, учаскедегі трафикті есептейді. 

​ЖҚЕ бұзушылықтары туралы ақпарат, сондай-ақ нақты уақыт режиміндегі бейне автоматты түрде деректерді өңдеу орталығына жіберіледі және айыппұл туралы ұйғарымдарды қалыптастыру үшін, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізіліміне (ЕАҚ) енгізіледі. 

Құрылғылар 5 шілде күні сағат 00:00-ден бастап іске қосылады. Осыған орай, Қызылорда облысының полиция департаменті облыс тұрғындары мен қонақтарын жол жүру қағидаларын бұзбауға және белгіленген қозғалыс жылдамдығын асырмауға шақырады.

Өзгелердің жаңалығы