Қызылорда қалалық пробация қызметінің есебінде 600-ден астам сотталған есепте тұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Пробациялық бақылауда белгіленген сотталғандарды жұмысқа тұрғызу шаралары жүйелі түрде жүргізілуде.
Жыл басынан пробация есебіндегі жұмыссыз 52 азамат жұмысқа орналастырылған.
Бүгін Қызылорда қалалық пробация қызметінің есебіндегі тағы бір азамат квотамен жұмысқа орналасты. Ол ұрлық бабымен сотты болып, сот үкімімен 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына кесіліп, пробациялық бақылау белгіленген. Түзелу жолына түскен азамат екі қолға бір күрек табылғанына қуанып, пробация қызметкерлеріне алғысын жеткізді.
Тез арада жұмыс тапқаныма қуанып отырмын. Сотталған дегенді естіген соң ешкім жұмысқа алғысы келмейді. Шалыс басқанымды мойындаймын. Өмір болған соң, қателеспейтін адам болмайды. Пробация қызметкерлері психологиялық, құқықтық, медициналық көмектер беріп жатыр. Сонымен қоса, сот жүктеген міндеттерді түсіндіріп, құқықбұзушылыққа бармауымызды қатаң ескертуде. Жұмысымды жасап, ата -анама, бауырларыма көмек бергім келеді, - дейді есептегі азамат.
Пробация инспекторы әділет лейтенанты Қайсар Бақытжанның айтуынша қазіргі таңда жұмыссыз сотталғандарды квота бойынша жұмысқа орналастыру жүргізілуде. Қызылорда қалалық пробация есебінде жұмыссыз 79 сотталған болатын. Оның 35 квотамен жұмысқа орналасты.
Жеке кәсіпке бет бұруға ниетті азаматтар да бар. Кейбір есептегі тұлғалар жеке кәсібін ашып, ісін дөңгелетіп отыр. Жұмыссыздықтың алдын алу бойынша тұрақты түрде жұмыстар атқарылатын болады, - дейді әділет лейтенанты Қайсар Бақытжан.