Қызылордада Жаңа жыл қарсаңында Президент шыршасы ұйымдастырылып, оқушылар куанышқа кеңелді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Жаңа Қазақстан – бақытты балалық шақ мекені» атты Президент шыршасына бүкіл облыстан оқу озаттары, 80-ге жуық аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балалары, ерекше білім беруді қажет ететін оқушылар мен 7 «Атамекен» балалар ауылының тәрбиеленушісі қатысты. Шыршаға барлығы 200 бала шақырылған.
Шарада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Мемлекет басшысының бүлдіршіндерге арналған жаңажылдық құттықтауын жеткізді.
Ұлағатты ұрпағымыздың лайықты өмір сүруіне, өсіп-өнуіне ықпал ету, жақсы білім алуына жағдай жасау – біздің басты мақсатымыз. Бүгінгі күні облыстағы 677 балабақшада 60 мыңға жуық бала тәрбиеленуде. Биыл 19 балабақша, 6 мектеп, ал Жалағаш ауданында 250 орындық оқушылар үйі пайдалануға берілді. Дарынды балаларды қолдау мақсатында Қызылорда қаласы мен Қармақшы ауданынан 150 орындық 2 мектеп-интернаты ашылды. Мемлекет басшысының бастамасымен 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте білім алуына жағдай жасау мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Осының нәтижесінде алдағы 3 жылда облысымызда заманауи 21 мектеп салынады. Дарынды балаларға арналған физика–математика мектеп интернатының құрылысы басталады. Бұл ел келешегі балаларымыз үшін жасалған үлкен қамқорлық, айрықша қолдау! Мерейлі жыл белесінде жеткіншектеріміздің рухани-мәдени дамуын назардан тыс қалдырған емеспіз, - деді аймақ басшысы.
Шыршаға келген балалар ойын ойнап, ән шырқады, театрландырылған қойылым тамашалады және естелік сыйлық алды. Сондай-ақ, мейрам қонақтарына арнайы фотосессия ұйымдастырылды.