Қызылордада "Қазақстан халқына" қорының қолдауымен салынған ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған Инклюзивті спорт орталығы ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жобаны іске асыруға 2 млрд 900 млн теңге бөлінді. Мұнда спортшыларға арналған волейбол, күрес, жалпы дене дайындығын жасауға арналған залдар қарастырылған. Бір мезетте 131 адамның спортпен жүйелі шұғылдануына мүмкіндік жасалған, – деп жазды Қызылорда облысының әкімдігі.
"Қазақстан халқына" қоғамдық қорымен тығыз әріптестік байланыс орнатылғанның арқасында өңірде бірлескен жобалар жүзеге асып келеді. Қор 12 млрд 851 млн теңге қаржыны маңызды әлеуметтік бастамаларға қолдау көрсетуге бағыттады.
Білім беру саласына, ауыл мектептерінің материалдық базасын нығайтуға 5 млрд теңгеден астам қаржы қаралды. Денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларында 5 млрд теңгенің жобалары іске асырылуда. Спорт инфрақұрылымын дамытуға бөлінген 2 млрд 728 млн теңгеге былтыр Шиелі, Жалағаш аудандарында жаңа спорт кешендері салынып, пайдалануға берілді. Сырдария, Қармақшы аудандарындағы спорт нысандары жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Тағы 6 спорт кешенінің базасын нығайту жоспарланған.
Тұрғындардың бұқаралық, кәсіби спортпен айналысуына барлық мүмкіндік қарастырылған. Өңірде кәсіпкерлер демеушілігімен, ұлттық компаниялар және спорт федерацияларының қолдауымен жүзеге асқан маңызды жобалар бар.
2022 жылдан бері 23 спорт нысаны, атап айтқанда Орталық стадион, теннис, инклюзивті спорт орталықтары, 20 спорт кешені салынды. "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы аясында елді мекендерде тағы 4 спорт кешені ел игілігіне табысталады. Аймақта алғаш рет ерлер мен әйелдерге арналған «Қызылорда бокс клубы» жұмысын бастады. Қазақстан футбол федерациясының қолдауымен Қызылорда қаласындағы Ғани Мұратбаев атындағы стадионның қосалқы алаңы мен Жалағаш ауданының орталық стадионы күрделі жөндеуден өтіп, ел игілігіне берілді. Жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен 1 млрд 600 млн теңгеге 80 спорт-ойын алаңы салынды. Облыс орталығындағы ірі жобалардың бірі – аумағы 25 мың шаршы метрлік "Қызылорда Арена" көпбейінді спорт кешені. Бұл нысанда олимпиадалық стандарттарға сай 50 метрлік бассейн, Азия, Әлем чемпионаттарын өткізуге арналған 2 500 орындық зал, олимпиадалық спорт түрлеріне арналған жаттығу залдары болады.