Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жаңақорған ауданының жұмыспен қамту орталығында аудандық прокуратура мен аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің ұйымдастыруымен «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі» өтті.
Бұл туралы Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жәрмеңкеге 7 жұмыс беруші мекемеден 57 бос жұмыс орындары ұсынылды. Жәрмеңкеге Жаңақорған аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған 5 азамат жұмыс іздеуші ретінде қатысты. Жұмыс беруші мекемелерден электрик, механизатор, көлік жүргізушісі, газоблок құюшы мамандықтарына сұраныстар көп болды. Нәтижесінде пробация қызметінің есебінде тұрған екі азамат «Азнабай»ЖШС, екі азамат «Жібек Жолы»ЖШС, тағы бір азамат «Жаңақорған ауданының орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесіне» маусымдық жұмысшы ретінде жолдама алды.
Есепте тұрған сотталғандарды жұмысқа орналастыру олардың құқық бұзушылықтармен қайта қылмыс жасауларының алдын алу шараларының бірі болып табылады. Жыл басынан 12 есептегі азамат тұрақты жұмысқа орналастырылды. Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрғандарды жұмыспен қамту мақсатында аудан әкімдігінің қаулысымен жұмыс орындарына квота бекітілген. Есептегі жұмыссыз 4 адам квотамен тұрақты жұмысқа орналасты, - деді аудандық пробация қызметінің бастығы әділет майоры Анарбек Искаков.