Арал ауданында «Балықшылар монументі» ашылып, «Балықшылар аллеясы» қайта жаңғыртудан өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Арал ауданына барған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев балық шаруашылығының даму барысын суреттейтін нысандарды аралап, аудан тұрғындарын мерейлі мерекемен құттықтады.
Зиялы қауыммен кездесу барысында облыс әкімі Мемлекет басшысының қолдауымен Арал өңірінің жағдайын жақсарту, балық шаруашылығын дамытудың нақты жолдары іске асқанын тілге тиек етіп, теңізді өлкедегі өзекті мәселелер кезең-кезеңімен оңтайлы шешілуде деді.
Арал – тек еліміздің ғана емес, әлемнің назарындағы өңір. Тіршіліктің өзегі сумен байланысты болғандықтан су деңгейіне қатысты көптеген қиындықтар еңсерілді. Президентіміздің қолдауымен Көкарал бөгетіне де ерекше мән беріліп, жөндеу жұмыстарына қажетті қаржы бөлінуде. Бірнеше балық зауыттары ашылып, кезінде жоғалып кеткен балықтың түрлері қайта оралуда. Мәселен, Арал теңізінде тек бір камбала балығы ғана қалса, қазір 23 балық түрі қайта келді. Балық аулау көлемі 400 тоннадан 8 000 тоннаға дейін ұлғайды. 10-нан зауыт жұмыс жасап, балық өнімдері шетелге экспортталуда. Аралда тіршіліктің көзі мен балық пен мал шаруашылығы болғандықтан бұл бағыттағы жұмыстарға қолдау болады, - деді Нәлібаев.
Әрі қарай облыс әкімі құқық қорғау органдары басшыларымен бірге жаңғыртылған «Балықшылар аллеясының» жұмысымен танысып, «Балықшылар монументін» салтанатты түрде ашу рәсіміне қатысты.
Салтанатты іс-шара «Поволжье тұрғындарына 14 вагон балық жіберілгеніне 100 жыл» театрландырылған қойылыммен аяқталды. Қойылымда жаппай ашаршылық пен қуаңышылықтын қиын-қыстау заманында Арал балықшылары аштықтан зардап шеккен Еділ аумағының тұрғындарына 14 вагон балық жолдап, миллиондаған халқын құтқару оқиғасы сахналанды.