Қызылордада автобустар "зиратының" пайда болуына кім кінәлі?

Қызылордада қар астында қараусыз қалған автобустар мәселесі қоғамда қызу талқыланып жатыр.

 Видеодан кадр Бүгiн 2026, 12:00
Бүгiн 2026, 12:00
316
Фото: Видеодан кадр

Қызылордада қар астында қараусыз қалған автобустар мәселесі қоғамда қызу талқыланып жатыр. Бұл тақырыпқа Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қарап тұрудың өзі өкінішті. Өйткені олардың әрқайсысы облыс бюджетіне шамамен 300 мың АҚШ долларына түскен,- деді ол.

Депутат пікірінше, миллиондаған доллар қар астында, лай батпақта шіріп жатыр. Бұл жауапсыздық пен шаруашылықтың дұрыс жүргізілмегенін көрсетеді.

Бәрі қалай басталды?

2013 жылы «Қызылорда қаласының жолаушылар көлігін жаңарту» жобасын іске асыру басталғаны жарияланған еді. Жобаның жалпы құны – 27,11 млн АҚШ доллары. Несие 10 жылға рәсімделіп, жеңілдік мерзімі 3 жыл болған. Депутат сөзінше, автобустар 3 жыл ішінде зорға жеткен.

Жоба жүзеге асырыла бастаған сәттен-ақ автобустарды жеткізуде 43 аптаға созылған кідіріс орын алды.

Осы жерде алғашқы сұрақ туындайды. Неліктен белгісіз өндірушілердің техникасын әкелу қажет болды, егер Қазақстанға дәл осындай кластағы автобустар Қытайдан бұрыннан жеткізіліп келген, брендтері танымал, сапасы мен жабдықталуы жақсы әрі ең бастысы – 3-4 есе арзан болған жағдайда? - деді депутат.

Жоба аясында 92 автобус сатып алынған. Несиелік келісім бойынша төлемдердің жалпы сомасы – 23 331 256,20 АҚШ доллары, оның ішінде сыйақы – 4 531 256,20 АҚШ доллар болды. Бір автобустың сатып алынған кездегі құны: шамамен 194 076 АҚШ доллары немесе 35 321 мың теңге (2014 жылғы бағам бойынша 1 доллар = 182 теңге).

Депутат пікірінше, дәл осындай автобусты толық комплектациясымен сол кезде ең көбі 70-80 мың долларға сатып алуға болатын еді.

Қанша қарызға батты?

Бүгінде сол 92 автобусқа төленген жалпы сома – 9,088 млрд теңге. Депутат бастапқы жоспарланған сомамен салыстырғанда жобаның жалпы құнының өсуіне әсер еткен бірқатар факторлар болғанын түсіндірді.

АҚШ доллары бағамының құбылуы

Келісімге қол қойылған сәттегі жобаның теңгемен есептелген бастапқы құны 4,17 млрд теңге болды. Нәтижесінде 9 млрд теңге төленді.

Жобаны іске асыру кезеңінде, 2024 жылға дейін, доллар бағамы айтарлықтай өсті (1 АҚШ доллары 153,8 теңгеден 450 теңгеге дейін), бұл несиенің теңгемен есептелген құнын және ілеспе төлемдерді 9,088-9,135 млрд теңгеге дейін ұлғайтты. Доллар бағамының өсімі 292,6%-ды құрады, бұл шетел валютасымен алынған несие міндеттемелері жағдайында жалпы шығындарға елеулі әсер етті,-деп жаздвы Әбенов.

Автобустар кеш жеткізілді

Әбенов пікірінше, автобустарды жеткізу Кеден одағының 018/2011 техникалық регламентінің талаптарына сәйкес ОТТС сертификатынан өту қажеттілігіне байланысты 43 аптаға кешіккен.

Қазақстанда аккредиттелген зертханалардың болмауына байланысты сынақтар Ресейдегі НАМИ Дмитров автополигонінде жүргізілді. Бұл қосымша ұйымдастырушылық және логистикалық шығындарға әкелді.Жеткізудің кешігуіне байланысты ЕҚДБ несиесі бойынша 139 945,44 АҚШ доллары көлемінде (резервтеу комиссиясы) күтпеген шығындар туындады,-дейді депутат.

Ең басты қателік

Депутаттың айтуынша, жобаны іске асыру құнының қымбаттауына негізгі фактор – несие міндеттемелерін АҚШ долларымен рәсімдеу. Жобаны іске асыру кезеңінде доллар бағамы 153,8 теңгеден 450 теңгеге дейін айтарлықтай өсті. Бұл жобаның ұлттық валютадағы құнының едәуір артуына және қосымша қаржылық міндеттемелердің пайда болуына әкелді.

Сонымен қатар депутат әкімдік таңдаған жеткізуші танымал емес, сенімсіз болып шыққанын айтады.

Шығындардың өсуі автобустарды жеткізу мерзімдерінің бұзылуына, міндетті ОТТС сертификатынан Қазақстан Республикасынан тыс жерде өту қажеттілігіне, сондай-ақ жинақтаушы бөлшектерді жеткізудің кешігуіне байланысты айыппұл санкциялары мен комиссиялардың есептелуіне байланысты болды. Осы жағдайлардың нәтижесінде жобаның жалпы құны теңгемен есептегенде 9 млрд теңгеден асты,- деді Әбенов.

Сондай-ақ ол бүгінде осы мәселе бойынша тексеріс жүргізілуін талап ететінін жеткізді.

Мен аталған фактілер бойынша тексеріс жүргізу, кінәлілерді анықтап, жауапкершілікке тарту мақсатында ҚР Бас прокуратурасына ресми депутаттық сауал дайындап жатырмын,- деді депутат.

Наверх