Қызылорда көпбейінді облыстық ауруханасында алғаш рет туысқан донордан 40 жастағы ер адамға бауырды трансплантаттау бойынша операция сәтті жүргізілді, деп хабарлайды денсаулық сақтау министрлігі.
Пациент тоғыз жыл бойы бауыр циррозынан зардап шекті және оның жағдайы айтарлықтай нашарлады. Он сағатқа созылған операция өңірдегі трансплантаттауды дамытудағы маңызды қадам болды.
Хирургиялық араласуды А. Н. Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия ғылыми орталығының Басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, жоғары санатты дәрігер Болатбек Бимендиұлы Баймахановтың басшылығымен трансплантологтар тобы жүргізді. Операцияға облыстық аурухананың жоғары білікті мамандары да қатысты, олар осы процесте құнды тәжірибелерімен алмасты, - делінген хабарламада.
Операция сәтті өтті және пациент, сондай-ақ донор өзін жақсы сезінеді. Қазіргі уақытта екеуі де тұрақты күйде. Қызылорда облысында донорлық бауыры бар 16 тұрғын тұрады және ем-шаралардан өткен барлық пациенттер мұқият медициналық бақылауда.
Бұл араласулар бауырдың созылмалы және асқынған аурулары бар пациенттердің денсаулығын қалпына келтірудегі маңызды қадам болып табылады, сондай-ақ олардың толыққанды медициналық және әлеуметтік оңалтуын қамтамасыз етеді.
Денсаулық сақтау министрлігі азаматтардың ел өңірлерінде жоғары сапалы медициналық қызметтерге қолжетімділігін жақсарту және трансплантологияны дамытуды қолдау жөніндегі жұмысты жалғастырады.