Қызылорда пробация есебіндегі 73 сотталған түзеу мекемесіне жіберілген

7 Қараша 2024, 21:10
306
Бөлісу:
Қызылорда пробация есебіндегі 73 сотталған түзеу мекемесіне жіберілген
Фото: BAQ.KZ архив

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің аудандық, қалалық пробация қызметінің есебінде 1000-нан астам азамат пробация бақылауында тұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Олардың арасында сот жүктеген міндеттерді орындамай, жаза өтеуден жалтарып жүрген сотталғандар да кездеседі. Пробация инспекторлары жүргізген профилактикалық жұмыстардан нәтиже шығармаған сотталғандар сот қаулысымен түзеу мекемесіне жіберілуде. Жыл басынан пробациялық бақылауда жүріп, жаза өтеу тәртіптерін бұзған 73 сотталған сот қаулысымен бас бостандығынан айырылып, түзеу мекемесіне жіберілген.

Жуырда Қазалы аудандық пробация есебінде шектеу жазасымен есепте тұрған азамат сот қаулысымен жазасының өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылып, түзеу мекемесіне жіберілді. Оған сот үкімімен ҚР ҚК-нің 191-бабының 2-бөлігімен 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленген. 

Пробация қызметіне есепке алу барысында Қазалы аудандық пробация қызметкерлері сотталғанға жазаны орындау тәртібі, сот жүктеген міндеттерді орындау мен пробациялық бақылаудың шарттарын егжей-тегжейлі түсіндіріп, жаза тәртібін бұзған жағдайда бас бостандығынан айырылатынын ескерткен болатын. Алайда ол заң талаптарына бағындай, 3 рет әкімшілік құқықбұзушылық жасап, 1 рет тіркеуге келмеген. Бірнеше рет ескерту жасалса да құлақ аспаған, - деп хабарлады Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД.

Сотталғанға қатысты құжаттарды жинақтаған аудандық пробация қызметі оның бас бостандығын шектеу жазасын бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы сотқа ұсыным жолдаған. Сот қаулысымен жазасының өтелмеген бөлігі 1 жыл 3 ай 25 күн бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылып, түзеу мекемесіне жіберілді. Қаулы заңды күшіне енген.

Өзгелердің жаңалығы