Қызылорда облысының білім беру жүйесін дамытудың өңірлік Жол картасына қол қойды

30 Сәуір 2023, 15:48
727
Бөлісу:
Қызылорда облысының білім беру жүйесін дамытудың өңірлік Жол картасына қол қойды

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың Сыр өңіріне жұмыс сапары облыс орталығында қорытындыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Білім беру ұйымдарының жұмысымен танысып, саланың өзекті мәселелерін саралаған министр мен облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бүгін 2023-2029 жылдарға арналған Қызылорда облысының білім беру жүйесін дамытудың өңірлік Жол картасына қол қойды.

Жиында аймақ басшысы Ғани Бектайұлының жұмыс сапары білім саласына оң серпін беретініне, министрліктің қолдауымен маңызды мәселелердің шешім табатынына сенім білдірді.

Соңғы жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен еліміздің білім саласында ауқымды реформалар жүзеге асырылды. Білім сапасын арттыруда, педагогтарды әлеуметтік қолдауда тың бастамалар қолға алынды. Бұл саланың сапа тұрғысынан өркендеуіне жасалған ерекше қамқорлық деп білеміз. Білім - күнделікті жүйелі жұмысты талап ететін күрделі әрі ауқымды сала. Оның маңызды құрамы – қаражат мәселесі. Биыл білім саласына бөлінген қаржы 262 млрд. теңгеге жетіп, облыс бюджетінің 44,2%-ын құрады. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 17%-ға артқан. Тиісінше, біз алдағы жылдары салаға бағытталған қаржы көлемін арттыра береміз. Білімге жұмсалған қаржы — болашаққа салынған инвестиция. Балаларымыздың болашағы бәрінен де маңызды, ол үшін барлық қажетті шараларды қабылдау —біздің басты міндетіміз, - деді облыс әкімі.

Айта кетейік, өңірлік Жол картасы білім беру процесінің 8 бағыты бойынша жасақталған 107 іс-шараны қамтиды. Бұл құжат бойынша алдағы 7 жылда жергілікті, республикалық және инвесторлар қаржысы есебінен проблемалық мәселелер өз шешімін таппақ. Атап айтқанда, мектепке дейінгі білім беретін 12 ұйымға күрделі, 160 нысанға ағымдағы жөндеу жүргізіледі. Жоғары оқу орындары базасында мектепке дейінгі білім беру ұйымдары педагогтарын қайта даярлау, біліктілігін арттыру қолға алынады. 80 балабақша компьютерлік техника мен интерактивті панельдермен, 40 балабақша ойын алаңдарымен жарақталып, шағын сәулет нысандары жаңартылады. Үш ауысыммен білім беру, орын тапшылығы мәселелері шешіліп, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде 15 100 орындық 21 мектеп құрылысы жүргізіледі. Сонымен бірге, "Білім беру инфрақұрылымын дамыту" қоры есебінен жаңадан 10 мектеп салынады.

Еске салсақ, Үкімет басшысының Сыр еліне сапары кезінде 300 орындық жатақханасы бар 400 орынға лайықталған физика-математика бағытындағы мектеп-интернат салу жобасы қолдау тауып, құрылысы басталуда. Білім ошақтарына 447 робототехника, химия, биология физика, математика, STEAM пәндік кабинеттері сатып алынып, әдістемелік көмек көрсету үшін «Назарбаев зияткерлік мектептері» АҚ-мен бірлесіп «Жетекші мектептер» жобасы іске асырылады.

Қызылорда қаласында ерекше мүмкіндіктері бар балалар үшін 1 психологиялық– медициналық - педагогикалық консультация, 14 инклюзивті білім беру кабинеті ашылады. Ең бастысы, 2023 жылдан бастап бастауыш сынып оқушыларын түгелдей тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету өз шешімін тапты. Бұл алдағы жылдары да жалғасады.

Өзгелердің жаңалығы