Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысында жағдай тұрақты.
Бүгінде тіршілікті қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Өңірде азық-түлік қорында тапшылық жоқ.
Облыс әкімінің орынбасары Серік Ахметтің мәлімдеуінше, аймақта коменданттық режим сақталуда.
Барша Сыр елінің азаматтарынан тәртіпті сақтап, үйде болуға шақырамыз. Аса қажеттілік жағдайында ғана үйден шығып, өз куәліктеріңізді бірге алып жүруге кеңес береміз. Қиын кезеңді бірлікпен жеңейік. Күшіміз бірлікте! Қоғам тыныштығын сақтау бағытында блок-бекеттер санын арттырдық. Бүгінгі күні Қызылорда қаласында 5, 7 аудан бойынша 22 блок-бекеттер қойылды. Мұнда әр көлік тоқтатылып, азаматтардың құжаттары мұқият тексеріліп жатыр, - деді Серік Әбжәліұлы.
Сонымен қатар, банкоматтар бойынша Каспи мобильді қосымшасында интернетсіз аударым жасалуда, Халық банктің облыстағы 60 банкоматы жұмыс істеп тұр.
Әуежай қызметі штаттық режимде жұмысын бастады. Қызылорда-Нұр-Сұлтан бағытында әуе рейсі жанданды. Әуежай алаңына тек билеті бар жолаушылар ғана кіргізіледі. Әуежайда арнайы күзет бекеті орнатылған. Ал, қоғамдық көліктерде 125 автобус қызмет жасауда.
Ауданаралық көліктер автовокзалдар мен автостанциялар қатынап жатыр.
34 әлеуметтік дүкен қалыпты жұмыс істеуде. Тұрақтандыру қорының қоймасында 1448 тонна өнім сақтаулы. Апта сайын 120 автокөлік Түркістан қаласынан азық-түлік тауарларын тасымалдайды, - деді облыс әкімінің баспасөз хатшысы Абай Тағыберген.
Сондай-ақ, тұрмыстық тіршілікке қажетті газ, бензин қорында да жетіспеушілік жоқ. Қазіргі таңда сұйытылған газ бағасы 60-65 теңгеден, АИ-92 180 теңгеден, дизель 229 теңге.