Қызылорда облысында республикалық командалық айтыс өтті

10 Наурыз 2024, 15:14
686
Бөлісу:
Қызылорда облысында республикалық командалық айтыс өтті
Фото: Қызылорда облыстық мәдениет басқармасы

Қызылорда облысында Әйтеке бидің 380 жылдығына арналған «Әділ сөздің алдаспаны» атты республикалық командалық айтыс өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сөз сайысында Қызылорда облысы мен Шымкент қаласы ақындары бәсекеге түсті.

Биыл облыс басшылығының қолдауымен өңірде Руханият жылы жарияланған. Республикалық айтыс сол игілікті істің бір көрінісі ретінде ұйымдастырылып отыр.

Дүбірлі додада қос өңірдің ақындары айтыстың түре, сүре, қайым, қыз бен жігіт айтысы жанрында сынға түсті. Сондай-ақ, жыршылар мен термешілер, дәстүрлі әншілер мен күйшілер іс-шараның көрігін қыздырды.

Шымкент қаласы атынан Біржан Байтуов, Нұрлан Есенқұлов, Мейіржан Жарылқап, Әнәпия Нұрғали мен жыршы Абылай Бөріханов, термеші Ербол Қалмырзаев, күйші Қайырбек Қалиев, дәстүрлі әнші Тұрар Алменов өнер көрсетті.

Ал Қызылорда облысы намысын Мұхтар Ниязов, Ержан Әміров, Мөлдір Айтбай, Бексұлтан Орынбасаров сынды ақындар қорғады. Оған қоса жыршы Бисенбек Төлеубай, термеші Әділхан Қуаңбаев, күйші Алдияр Шағдатов, дәстүрлі әнші Ақмарал Ноғайбаева көрермендерге рухани демалыс сыйлады.

Сыр өңірінде командалық айтыс алғаш рет өткізіліп отыр.

Командалық айтысқа Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман бастаған топ қазылық етті.

Өнер бәйгесінің қорытындысымен Қызылорда облысының командасы келесі айтысқа жолдама алды. Екі командаға бірдей құрмет көрсетіліп, әр ақынға 500 мың теңгеден сыйақы берілді. Ал, жыршы, термеші, дәстүрлі әнші, күйшілерге 250 мың теңгеден табысталды.

Жеңімпаз атанған Қызылорда облысының командасына Қазалы ауданы әкімдігінің Әйтеке бидің 380 жылдығына тағайындаған «Бабалар аманаты» атты арнайы сыйлығы тапсырылды.

Өзгелердің жаңалығы