Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін еліміздің мектептерінде тағы бір оқу жылы аяқталып, соңғы қоңырау соғылды.
Қызылорда облысында биыл 295 білім беру ұйымында 176 771 шәкірт оқу жылын аяқтады. Мектеп бітіріп жатқан 7 505 түлектің 430-ы «Алтын белгіге», 720-ы «Үздік аттестатқа» үміткер. Оларды күтіп тұрған алғашқы асу - ҰБТ. Биыл аймақтан 6 404 оқушы ұлттық тестке қатысады. Ал, 9 сыныпты 14 682 оқушы бітіріп жатыр.
Қызылорда қаласындағы «Зерде» интеллектуалды мектебінде алғашқы рет соңғы қоңырау рәсімі өтті. Мұнда 500-ге жуық оқушы білім алып жатыр. Салтанатты жиында оқу жылының қорытындысы бойынша білім, спорт, өнер биігінен көрінген шәкірттер марапатталды.
Азаматтар елге жасаған қызметінің қайтарамын күтпеу керек. Себебі біздің бұл қызметіміз болашаққа салынған, өскелең ұрпақтың білім ауына бағытталған инвестиция. Сондықтан мен тәуекелге бел буып 7 мектеп, 4 балабақша салдым. Біздің балабақшада тәрбиеленген бүлдіршіндерімізге «Зерде» интеллектуалды мектебінде есік ашық. Бұл мектепті бітірген оқушыларымызға колледжге түсуіне мүмкіндік бар. Міне біз осы арқылы үздіксіз білім сапасын дамытамыз. Осылай білім алып, саналы, тәрбиелі ұрпақты қатарға қосуға үлесімізді қосып жатырмыз. Міне бүгін алғаш рет соңғы қоңырау рәсімін өткізіп жатқан «Зерде» интеллектуалды мектебінде 2021-2022 оқу жылын 500-ге жуық оқушы сапалы білім алды. Оқу жылының қорытындысы бойынша оқушылардың 35% үздік, 40% екпінділер қатарынан көрінді. Түрлі білім олимпиадалары мен спорт жарыстары, өнер байқауларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды. Осы орайда мен мектептің педагогикалық ұжымына алғысымды білдіремін, - деді «Зерде» интеллектуалды мектебінің құрылтайшысы Сейтқали Алшынбаев.
500 орындық білім ошағы осыдан 2 жыл бұрын ашылған-ды. Мектептің материалдық-техникалық базасы білім берудің жаңа технологиялық құралдарымен жабдықталған. Оқушыларға екі ауысымда қызмет етеді. Оқушының сапалы білім алуына, демалуына, 4 мезгіл тамақтануына мүмкіндік қарастырылған. Математика және ағылшын тілдері тереңдетіліп оқытылады. Хореография, Алтын домбыра, дзю-до, бокс, футбол, интеллектум, теннис, ІТ класс, тоғызқұмалақ, вокал, Арт дизайн клубтары жұмыс істейді.
Балам 1-сыныпты бітіріп жатыр. Оқу үздігі, спорттық жарыстардың жеңімпазы. Бір жылда үлкен нәтиже көрсетті. Сабақ уақыты азаннан кешке дейін. 3 мезгіл тамақтанып, қосымша үйірмелерге қатысады. Математика, ағылшын пәндерінен тереңдетіліп оқытылады. Мектеп талап пен тәртіпті қатар қойып, баланың жан-жақты дамып, интеллектуалды қалыптасуына үлкен еңбек сіңіріп жатыр, - дейді ата-ана Ғазиза Жетпісбайқызы.