Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2020 жылы жылы 3 аудан орталығы – Жосалы, Тереңөзек және Жалағаштың тұрғындары көгілдір отынды тұтыну мүмкіндігіне ие болады. Бұл туралы облыс әкімі баспасөз брифингінде мәлімдеді.
Бүгінгі күні облыс халқының 97% орталықтандырылған суға қол жеткізіп отыр, ал, халықтың 63% табиғи газды тұтынуға мүмкіндік алды. 2018 жылы 3 аудан орталығына - Жосалы, Тереңөзек және Жалағашқа көгілдір отынды жеткізіп, биылғы жылы кентішілік газ желісінің құрылысы басталды. Осылайша, 2020 жылы осы кенттердің тұрғындары көгілдір отынды тұтыну мүмкіндігіне ие болады, - деп хабарлады Қуанышбек Ысқақов.
Өңір басшысының айтуынша, аймақта сумен қамтамасыз ету және газбен жабдықтау мәселелері қатар шешілуде. Бұл да халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасын арттырудың маңызды факторлары.
Айта кетейік, 2018-2020 жылдар Қызылорда облысында жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы деп жарияланды. Жүйелі шаралардың нәтижесінде облыста жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны соңғы жылдарда 9%-ға өскен.
Бұл орайда облыс әкімі көпшілікті толғандыратын баспана мәселесіне де тоқталып өтті.
Соңғы 3,5 жылда облыс аумағында 2 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Биылдың өзінде облыста 48 көппәтерлі тұрғын үй салынуда. Бұл 2 мыңнан астам пәтер. Сол жағалаудағы жаңа қалада 320 орындық балабақша, облыстық жастар ресурстық орталығының ғимараты, "Рухани жаңғыру"орталығы, "Болашақ" университетінің кампусы салынды, - деп сөзін түйіндеді Ысқақов мырза.